28 қар, 2025 сағат 11:27

Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі міндетті пән ретінде енгізілді


Фото: bilim-all.kz

Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі 4-сыныптан бастап міндетті түрде оқытылады. Бұл туралы Ресей мен КХДР арасындағы үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

«КХДР мектептерінде орыс тілі 4-сыныптан бастап міндетті тіл ретінде енгізілді. Ресейде қазіргі уақытта 3 мыңнан астам оқушы корей тілін оқып жүр. Олардың басым бөлігі корей тілін екінші немесе үшінші шетел тілі ретінде меңгеруде», – деді Козлов бейсенбі күні Мәскеуде өтіп жатқан үкіметаралық комиссия отырысында.


Оның айтуынша, екі ел жеке салалар бойынша қосымша білім беру ұйымдастыруда белсенді ынтымақтасып келеді: банкирлер, энергетиктер, дәрігерлер, геологтар оқытылуда. Министрдің айтуынша, өткен оқу жылында КХДР-дың 96 азаматы Ресей жоғары оқу орындарына түсті. Олардың көпшілігі Қиыр Шығыс федералды университетіне (ҚШФУ), МГИМО және РУДН-ға қабылданған. Ал Ресейдің 300 студенті корей тілін оқуды таңдаған.

Ол сондай-ақ орыс тілінің КХДР-де дәстүрлі түрде ең танымал шетел тілдерінің алғашқы үштігіне кіретінін атап өтті. Қазір Солтүстік Кореяда шамамен 600 адам орыс тілін оқып жүр.

Козловтың хабарлауынша, келесі жылы КХДР-де Ким Чхоль Чжу атындағы Педагогикалық университет базасында орыс тіліндегі ашық білім беру орталығы жұмысын бастайды. Қазір орталық орналасатын ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, биыл алғаш рет 21 мамырда Владивостокта ҚШФУ базасында Ресей мен КХДР ректорларының форумы өтті.