"Солтүстік Қазақстан егіншілері биыл 5,6 млн тонна астық бастырды. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Солтүстік Қазақстан облысы - еліміздің астықты өңірі. Облыста республиканың 3\1 астығы шығарылады. Жалпы өңірлік өнім үлесінде ауыл шаруашылығы көлемі 22 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 2016 жылдың 9 айында 289 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері бұл салаға 45 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығында xалықтың экономикалық белсенді бөлігінің 3\1 жұмыс істейді. Бұл шамамен 109 мың адам. Биыл егістік алқаптың көлемі 4 млн 375 мың гектарды құрады. Қазіргі уақытта біздің жергілікті егіншілер 5,6 млн тонна астық бастырды. Орташа өнімділік 17 центнер, кейбір алқаптарда өнімділік гектарына 30 центнерден асады», - дейді ол.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда біз сыйымдылығы 600 мың тоннадан асатын 24 элеватор салынған. Сондықтан биыл астық сақтау және оның қар астында қалмауына барлық жағдайлар жасалды.
«Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға биыл 31,5 млрд теңге бағытталып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 14 млрд. теңгеге көп. Астық сұрпын жаңарту және алмастыру, минералдық тыңайтқыштарды қолдану бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Жалпы біз көктемгі егістік жұмыстарға желтоқсан айынан бастап дайындаламыз. Мәселен, былтыр біз Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас жатқан РФ облыстарының, атап айтқанда Түмен, Омбы және Қорған облыстарының ғалымдары қатысқан үлкен конференция өткіздік. Онда жергілікті егіншілер ерте пісетін дәнді дақылдардың сұрпын өсіру жөнінде шешімге келді. Себебі соңғы екі жылда болған ауа райы егіннің өніміне қатты әсер еткен болатын. Осының арқасында кеш пісетін дәнді дақылдар алқабы биыл 19 пайызға азайтылды», - дейді ол.
Айта кетейік, алдағы демалыстарда, 22-23 қазанда Астанада СҚО күндері өтеді. Оның аясында өңірдің ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі және мәдени кештері мен концерттік бағдарламалары өтпек.