Фото: ҚР ҒЖБМ
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны балық аулау кезінде тарихи олжаға тап болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Әсет Шайкин есімді жергілікті балықшы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының маңынан алып мамонттың сүйегін кездейсоқ тауып алған.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, олжаны балықшы археолог Анатолий Плешаковқа тапсырған. Екеуі бірге оқиға орнына барып, жерді тексергенімен, басқа сүйектер табылмады. Тарихшының айтуынша, ежелгі жануардың қалған бөліктері топырақ астында жатуы мүмкін.
— Бұл өте қызықты табыс. Сүйектің ұзындығы шамамен 1 метр. Оның жасы жоғарғы палеолит дәуіріне жатады — шамамен 15 мың жыл бұрын. Ол өте ірі жануарға тиесілі болған. Бұған дейін де СҚО аумағынан ежелгі жануарлардың сүйектері табылған. Келесі жылы осы жерде қазба жұмыстарын жүргіземіз. Егер қаңқаның жалғасын немесе еңбек құралдарын тапсақ, бұл аймақ үшін алғашқы палеолиттік ескерткіш болмақ, — деді археолог Анатолий Плешаков.
Маманның айтуынша, алдағы қазба жұмыстары мәдени қабаттар мен артефактардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Егер дәлелденсе, бұл жерде ауқымды археологиялық ізденістер жалғасуы ықтимал.
