30 там, 2016 сағат 21:50

Сол қиянат жүрегімнен кетпейді... (Мұқатай Күлжанұлы ақсақал шерткен сыр)

– Аштық Баянға отызыншы жылы келді, – деді қоңыр үні күмбірлеп. – Он екіге қараған шағым. Жездем көршілес Алексеевкада сатушы-тын. Шешем соған жіберген. Апам қайтарда арқама қызыл дорбамен жарты шелектен аса ұн байлап берді. Қойныма бір таба нан тықты. Бұрынғы Алексеевка, қазіргі Құмдыкөлден Егіндібұлаққа дейін – он сегіз, одан Баянауылға жеткенше отыз бес шақырым бар. Барлығы елу үш километр. Таңертеңгі он шамасында шықтым. Жаяу. Елді мекеннің бергі бетінен бұлақ ағады. Ол уақытта жылға жағалай ну қамыс. Соның арасында тізе бүгіп, дем басып отырсам, сыртта секиіп тұрған үш-төрт көккөз жігіт: «Ана балада тамақ бар!» деп, сыбыр-сыбыр етті. Бұлардың азықты тартып алмақшы болғанын аңдап, ақырын ғана еңбектеп шығып, тау ішімен салдым. Бір мезгілде жанұшыра жүгіргенімді, әлгілердің топырлап қуғанын білем. Содан түнгі сағат бірдің мөлшерінде сүріне-жығыла жеттім-ау Баянға. Шешем дорбаны шешіп, көйлегімді сыпырғанда арқам қызылжоса қан екен. Жолда ұшырасқан қарақшы балалар жауырын тұсымды тіліп жіберіпті... 

Шіркін, өмір-ай! Сол заман адамдарының жанкештілігіне таңданбасқа да лажың қалмайды. 

– Голощекин дегенді білесің. Ол да Қазақ жерінде Кіші октябрь революциясын жасаймын деп лаңды салды-ау. Әрбір шаңыраққа салық белгіледі. Астық беру керек, жүн, ет тапсырасың. Біздің үйде өзге малдан бөлек екі қарақасқа өгіз бар еді. Үйдей. Әкей сол екеуін орталыққа апарып, отыз келі бидайға айырбастады. Орыстарға. Бір алапат нәубеттің таяғанын сезген жұрт үйір-үйір жылқыларын сойып, етін тауға апарып тықты. Оны ит пен құс жеді. Біздің үйдің де малының сойылғаны сойылды, ұрланғаны ұрланды. Сөйтіп, әке-шешем, қарындасым төртеуміз Баянға көштік. Одан мені Павлодардан қырық шақырымдай Ямышевка деген жердегі Крупская атындағы Балалар үйіне тапсырған. Жан басына екі жүз грамнан нан береді. Оның жартысын бұзақы балалар тартып алады. Қалғанына тәрбиешіміз көз сатады. Бір түйірі өз аузыңа тие ме, тимей ме. Бұралған ашпыз. Әрі, баланың бәрі биттеген. Қазіргі қала көшелерінде кептеліске тірелген машина сияқты торғайдай бит қаптап талағанда, адам аузынан ақ көбік ағып құлайтын көрінеді. Жеткіншектің көбі сөйтіп-ақ қырылды. Жазғасалым жетпіске тарта бала Павлодарды бетке алдық. Қалайда жан сақтаудың қамы ғой. Тағы да жаяу. Жалаяқ. Жалаңбас. Сырт киім де жоқ. Қарлы-жаңбырдың астымен жортып келе жатқанда сонадайда дөңкиіп жатқан бірдеңені көз шалды. Жеті-сегіз бала бұрылып бардық. Шіріген картоп екен. Бір қаптай. Дереу толтырып, қурай жағып, әлгіні пісіріп жедік. Әшейін қарын алдау да. Нәрсіз. Сылдыр су. Аздаған крахмалы болуы мүмкін. Қысқасы, Керекуге әлгі жетпістей баланың он шақтысы ғана аман жеттік. Қалғанының бәрі жолда өлді. 

Он екі-он үш жасар Мұқатай бала қақаған қыста өзек жалғайтын бір тілім нан іздеп, пойыз үстімен Омбыға да барыпты. Жападан-жалғыз. Одан Барнаулға жөнейді. 

– Қалада үлкен бір нанхана бар еді. Көбіне соны төңіректейміз. Біреулер арбаға нан тиеп жатады. Бөлкені біріне-бірі лақтырып беріп тұрғанда ортадан қақшып түсіп, тұра қашамыз. Түнде сол наубайхананың үстіне шығып, пеш мұржасын құшақтап жатып ұйықтаймыз. Мен Балалар үйінде едәуір болғандықтан, кішкене, төбелеске ыңғайлы едім. Бірде Омбыда жүргенде үш-төрт бала жабыла кетті. Әл бере қоймағандай ем, әлгілердің бірі қабаған итін айтақтады. Тайыншадай хайуан арс етіп тұра келіп соғып, мұрттай түсіргені. Үстімде шешем тігіп берген құлын жарғағым болмаса, ызалы ит, тіпті, талап жеп қоятындай екен. Қанша жұлмалағанмен теріні жырта алмады. Әлден мезгілде күлген дауыстарды естідім. Қарасам, әйелі, ері бар он қаралы ересек адам сотқар балалардың мені ұрғанын, итке талатқанын қызық көріп, мәз болып тұр. Арасынан қой дейтін бір пәнде табылмады. Сол қиянаттың табы әлі күнге шейін жүрегімде жүр. 

Одан Күлжан отбасы елмен бірге Қарағандыға қарай шұбырады. 

– Арасында әкем бар, өз туыстарымнан оннан аса адам сонда өлді. Он шақты үйдей шыққанбыз. Бізде екі ат-шана бар. Сенделген көп ел көліксіз. Жездем де сегіз баласымен бірге шейіт болып кетті. Одан, Қойтас деген жерде сегіз-тоғыз баланың сүйегі жатыр екен, оны апарып көмдік. Семізбұғыдан да қырылған адам көп кездесті. Қарағандыға жеткенімізде жиырма шақты арба күн сайын үлкен алаңға жиналған елге үш мәрте тамақ әкеліп тұрды. Ел бәрібір қырылып жатты. Әлгі арбалар өлгендерді тәулігіне төрт реттен далаға апарып көмеді. Шешем 18-ші шахтаға жұмысқа орналасқан. Ол уақытта көмірді атпен айналдыратын шығыршық арқылы шығарады. Көбіне шешемнің орнына барып, көмір арасындағы тасты мен жинаймын. Бір күні әлдекім: «Араларыңда кім хат таниды?» деп дауыстады. Бәріміз жапа-тармағай қол көтеріп жатырмыз. Алты-жетеуімізді кеңсеге кіргізді. Іштегі татар келіншек көзі ажырайып: «Мынау да әріп біле ме? – деп таңданады. – Кәне, жазшы!». Оған дейін үш класс түгескемін. Аздап тіл де білем. Әйелмен орысша сөйлестім. Жазуым әдемі. «Мына бала жақсы жазады екен!». Қатты қуанды. Сөйтсем, бұлардың десятниктері, тіпті, әліпті таяқ деп танымайтын біреу. Осылай аяқ астынан есепші болып, бірталайға дейін мен де жұмысқа ілігіп кеттім. Алматыға Балалар үйіне кеткенімше. Онда 1935-ші жылы қыс қарсаңында барғанмын...
Осы тұста Мұқаң мойнын төмен салып, бір нүктеге қадала, терең ойға шомып, недәуір үнсіз қалады. Ғасырға жуық уақыт тезінен сүңгіп, өткен дүниені мөлдіретіп көз алдыңа әкелу оңай нәрсе болмаса керек. Әрине, аздаған рахаты мен мұңы да жоқ емес, теңіздей тұңғиық, жатқан бір сырлы әлем ғой. 

– Балалар үйінде отыз жетіге дейін жүрдім. О кезде Алматы қазіргідей емес. Жаппай сыңсыған алма мен алқоры бағы. Әсіресе, апорт исі мұрын жарады. Жатаған ағаш жай. Одан екі қабатты Үкімет үйі салынды. Абай көшесінде. Онда «Абай» емес, «Арычная» ма екен?! Орталық Атқару Комитетінің төрағасы – Елтай Ерназаров. Ораз Исаев Совнарком төрағасы. Жұмат Шанин дегенді естуің бар ма? Менің нағашым еді. Нақтырағы, әкемнің нағашысы. Алматыға келіп ең алғаш Қазақ Ұлттық театрын ашқан кісі. Тұңғыш режиссер. Кейін орнынан алып, Орал театрына жіберді. Бұ кезде Мәулен деген жалғыз баласы Мәскеуде Чайковский атындағы Музыка институтында оқып жүрген. Бір күні Оралдағы әлгі театр үйі өртеніп кетіпті. Ұлы әкесін көре алмай қалды. Баласы елге оралғанша Жұмекеңді «халық жауы» деп атып тастаған-ды. Жабай Тоғандықов та немере ағам. Қарағандыда әнші-тін. 1936-шы жылы ол да Москвада өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысып қайтты. Менің бір бақытым – елдің маңдайына біткен жақсы мен жайсаңның бәрін дерлік көрдім. Ахмет Байтұрсыновты жолықтырдық. Кезекті қамаудан шыққан тұсы-ау. Жамбыл Жабаевты да көрдім. Әлдебір дүбірлі шарада кинотеатр ғимараты алдындағы мінберге шығып өлеңін айтты. Сәкенмен де сан жүздескемін. Оның да сонау декададан оралған кезі. Студент болып үлгергенбіз. Бір күні Көк базарға барсақ, қасында Бейімбет Майлин бар, өзінің «Пикап» көлігінің жанында ошарылыңқырап тұр екен. Екеуіне жүгіріп барып сәлем бердік. Сәкен аға: «Жігіттер, біз бір қой алып едік. Соны әкеліп, мәшинеге салып беріңдерші!» – деді. Салып бердік. Ол уақытта көп мәшине де жоқ қой. Қандай көрікті адам! Керемет киінеді. Толқынды қара шашы, қияқтай қара қою мұрты бар. Денесі сом. Бойшаң. Жаздық тік жаға ақ көйлек о кезде мода. Қара атластан белбеу орайды. Аяқта – сықырлауық хром етік. Бізге Сәкенмен қатар оқыған бір жігіт «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ берген. Мен о кезде «Осы мен не бітірдім өмірімде? Бір күдік арылмады көңілімде. Артымда жүріп өткен жол қалмаса, Мағынасыз сияқты өмірім де» дегендей сарында былдырақтатып өлең жазып жүруші едім. Жаңағы мұғаліміміз мен секілді екі-үш балаға: «Сендер Сәкен Сейфуллин жөнінде өздеріңнің білетіндеріңді жазыңдар. Өңдеп, газетке беремін» деді. «Ақынға ода» дегендей бағытта жазып шыққаным есімде. Содан көп ұзамай Сәкеннің ұсталып кеткенін естідік. Голощекин келгеннен бастап оны қызметтен де, бәрінен біртіндеп қақпайлап қыса бастаған екен ғой. Сондай күндерде бір әйел: «Сені Добрацкий шақырып жатыр» деді. Добрацкийі – Қауіпсіздік мекемесінің директоры. Барсам, бірі жартылай әскери, бірі жай қызметкер екі адам күтіп отыр. Қаһарлы. Бірден: «Тұр былай! Сәкен Сейфуллин кімің сенің?!» деді зіркілдеп. «Ешкімім де емес». – «Халық жауын» мақтап өлең жазыпсың. Қандай қақың бар!». – «Жоқ, о кісі халық жауы емес!». Сөйтсем, ұстазым әлгі өлеңімді өңдеп, машинкаға басып Сәкен ағаға берген екен ғой. Сол ақынның қағаздарының ішінен шыққан. – «Қарашы мынаны! Қаршадай болып қарсыласып тұрғанын. Айт, кәне!». – «Айғайламаңыз! – дедім. – Ол – үлкен ақын. Институт профессоры. Машинасы бар. Таяуда Москваға да барып қайтты». – «Кет бар, сайрамай жоғал! Екіншіде байқап жаз өлеңді. Құрт көзіңді!» – деді... 

Ақсақал бір мезгілде жайдарлана жымиды. Күлгенде жүзіне нұр жүгіріп, шырайланып кетеді екен. 

– Осындайда бір қызық жәйттер де еске түседі. Ораз Исаевтың жайы Үкімет үйіне таяу-тын. Екі ұлы бар. Мектепте қатар оқыдық. Бір күні біреуі Балалар үйінің тәрбиеленушісімен төбелесіп қалыпты. Ол жуан шегемен ұрып, Исаевтың баласының басын жарып тастайды. Түскі ас ішіп отырғанбыз. Исаевтың өзі келді. Жетектеп, әлгі ұлын ертіп алыпты. Өзі таяқпен жүруші еді. Бір аяғын сылтып басатын адам. Атып-атып түрегелдік. Баланың басынан қан сорғалап тұр. «Отырыңдар!». Отырдық. Әлгі шегемен ұрған қу үстел астына кіріп кеткен. Сонда Исаев жарықтық: «Мынау да менің балам. Сендер де менің баламсыңдар. Егер мынау өліп кетсе сенің туысқаның емес пе? Сен жыламайсың ба. Сондықтан, екіншіде шекісуді доғарыңдар» деді. Кішіпейілдігін көрдіңіз бе. Қазір Совнарком төрағасының маңайынан жүре аласың ба. Елтай Ерназаров та жақсы адам еді. Аңғал. Басынан бөркі түспейтін. Бірде оның әйелі толғатады. Сасқалақтап, үйінде жүрген көмекшісінен не істейміз ойбай деп сұрамай ма. – «Дәрігер шақыртайық!». Елекең дереу телефонды алып: «Все врачи ко мне!» деген секілді. Ағылып, жедел жәрдем мәшинелері келіп жатыр дейді. Үйді жағалай қоршап алған. Бос орын жоқ. Елтай жүгіріп Исаевқа барады: «Жеңгең толғатып еді. Дәрігерлер үйді қамап алды. Енді қайттік?!». Сонда жағдайды түсіне қалған Орекең балконға шығып: «Мына ақсақал сіздердің дайындықтарыңызды көру үшін шақырып еді. Жақсы екен. Келгендеріңізге рахмет! Енді тараңыздар!» – депті...

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы

Ұлт порталы