Фото: gov.kz
Премьер-министр Әлихан Смайлов қытайлықтарға жер беруге қатысты қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін сенатта өткен брифингте журналистер Батыс Қазақстан тұрғындарын алаңдатқан мәселе туралы сұрақ қойды.
“Ақжайық өңірінде халық қытайлықтарға жер беруге қарсылық білдіріп, жаппай үндеу жолдап жатыр. Өткен аптада Астанаға келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қытайлықтармен келісім жүріп жатқанын және ақбөкендердің етін өңдейтін зауыт салынатынын айтты. "Халық қорықпасын, жұмыс беріледі" деді. Алайда халық қарсы, жергілікті тұрғындар қарсы болып тұрғанда бұл шешім қабылдана ма?”, - деді журналистер.
Өз кезегінде Премьер-министр шетелдіктерге ешқандай жер берілмейтінін ерекше атап өтті. Бұл - заң талабы.
“Қазақстанның Жер кодексінде шетелдіктерге, шетелдік компанияларға немесе шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істеп жатқан қазақстандық компанияларға ауыл шаруашылық жерлерін меншікке де, жай пайдалануға беруге де тыйым салынған. Мұндай құқық тек Қазақстан халқында ғана бар. Сондықтан шетелдіктерге жер беру сияқты ешқандай мәселе қаралып жатқан жоқ, қаралмайды да. Бұл - біздің ұстанымымыз ”, - деп атап көрсетті Смайлов.
Осы орайда Үкімет басшысы Президенттің де жер мәселесіне қатысты өз пікірін айтқанын еске салды. Ал Батыс Қазақстандағы әңгімелер келіссөздер кезінде көтерілген, бірақ нақты қолға алынбаған.
“Ол ақпарат дұрыс емес. Кейбір инвесторлар өз ұсыныстарын ғана айтқан. Бұл - тек әңгіме, ары қарай ешқандай келісімдер жасалған жоқ, жасалмайды да”, - деді Смайылов.