27 мау, 2016 сағат 20:54

Смайыл Сейтбеков: Ақтөбе оқиғасы сәлафизм ағымының қоғамға қаншалықты қауіпті екенін көрсетті

Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы

– Ертеректе «пəленше дінге бет бұрыпты» деген сөзді естісе жұрт қуанатын еді. Ал, қазір керісінше біреу дінге бет бұра бастаса жұрт күдіктеніп қарайтын күнге жеттік. Тіпті, кейбіреулері «осы Сирияға кетіп қалмай ма?» деген ойда жүретіні де жасырын емес. Біз неге аз ғана уақытта осындай күйге түстік? Халықтың бұлай күдіктенуіне не себеп болуда?

– Жасыратыны жоқ, әуелде имандылыққа бет бұрса, намазға жығылса, ата-анасы мен ағайындары қуынып жататын. Балам дұрыс жолға түсті, арақ-шарап ішпейді, темекі тартпайтын болды дейтін еді. Өкінішке қарай, 90-шы жылдардың аяғына таман елімізде сәлафилік ағым келіп, олардың қатары күн өткен сайын көбейіп, дәстүрлі дінімізге жат діни ұстаныммен уланған жастар пайда бола бастады. Олар намаз оқымағанды кәпір деп, ата-анаға қарсы шығып, берген асын ішпей, дәстүрді мансұқтап, құдайы ас беруге қарсы болып, марқұмдарға Құран бағыштауды бидғат санап, өзі секілді діни ұстанымда болмағанды адасқан санап, ағайын-туыспен араласуды тоқтатып, қоғамнан оқшаулана бастады. Сақалын қойып, балағын қысқартып, ешкімді тыңдамайтын болды. Өз уағыз-насихатшыларын ғана тыңдағандықтан қоғам олардың әрекетінен шоши бастады. Баласы, қызы сондай теріс ағымға кіріп, отбасының шырқы кеткен ата-аналардың мұңын естіген жұртшылық дінге үрке қарай бастады.

Қоғамдағы мұндай қауіпке Сирия оқиғасы, Сирияға кетушілердің әрекеті қосылған соң ата-аналардың қорқынышы одан сайын үдей түсті. Дінге мұншалықты үреймен қарауға итермелеген мәселе біздегі сәлафизмге заң бойынша тыйым салынбауы, олардың еркінсуіне, қала берді, қатарларының көбейуіне мүмкіндік берді. Енді, Ақтөбе оқиғасы сәлафизм ағымының қоғамға қаншалықты қауіпті екенін көрсетті.

– Дінге бет бұра бас­тағанына көп бола қоймаған кей жастардың мінездері күрт өзгеріп, ағайын-туысқандарымен діни көзқарасын қабылдамағанына байланысты араласпай кетуі жиі орын алып жатыр. Осы мəселеге қатысты не айтасыз? 

– Иә, сәлафизм ағымына кіріп, шылауына іліккен жастардың мінездері күрт өзгереді. Себебі, бұл ағымның ұстанымы ізгілікке, сабырлылықпен, адамгершілікке негізделмеген. Керісініше, қатыгездік пен дөрекілікке бағыталып, жүздерінде нұр емес, сұс пайда болады. Өйткені, олардың ұстанымдары ширк, күфр, бидғатқа негізделген. Жүрекке мейірім емес, ширк, күфр, бидғат мәселесі бірінші кезекте кірген соң әрбір мәселеге осы үш негіз бойынша қарап, амал етуге көшкендіктен олар үшін жақын туыс түгілі, ата-ананың өзі кәпірге айналып, олардан сырт айналуда. Сондықтан көптеген ата-ана біздерге келіп: «балам намазға жығылмай тұрғанда жақсы еді, намазға жығылған соң мінезі өзгерді, ашушаң болды, сөз тыңдамайтын болды» деп шағымданып жатады. Расында ислам көркем мінезді болуды бұйырады. «Ақыретте таразыда ауыр басатын амал көркем мінезді болу» деген ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Дәстүрлі дінге бетбұрғандарда ондай теріс қылық пен дөрекілік емес, кішіпейілділік, жұмсақтық көрініс табады.

– Пайғамбар (с.ғ.с ) өзгелерге қалай үлгі бола білді жəне жəһил (надан) қоғамды қалай ізгілік жолына бастады?

– Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзатқа үлгі тұлға. Құранда былай деген: «Расында, сендер үшін Алладан да, ақырет күнінен де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар»(33. Ахзаб-21).

«Шын мәнінде, сен, әлбетте, ұлы мінезге иесің», (68. Қалам-4). Бұған қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі былай деген: «Мен жақсы әдепті толықтыру үшін жіберілдім»,(Муслим, Салатул Мусафирин). Пұтқа табынушы, сауаты жоқ, мәдениеттен жұрдай араб қоғамын иманға шақыру барысында көркем мінезділігімен өзгелердің жүректерін жаулай білді. Мәселен, Абдулла ибн Сәләм есімді яһуди пайғмбарымызды (с.ғ.с.) Мәдинада алғаш көрген кезде: «Мына бейне алдамшы болмайды» деп бір көргеннен-ақ исламды қабылдаған болатын.

Бір күні Хусейн әкесіне келіп, атасының (с.ғ.с.) мінезі жайлы сұрағанда, Әли: «Пайғамбар (с.ғ.с.) күлімсіреген, жақсы мінезді, нәзік жүректі еді. Оның аузынан ешқандай жаман сөз шықпайтын. Өзгелердің әрекетін сынамайтын, айыптамайтын. Ұнатпаған бір әрекетті көргенде үндемей, көрмегенсіп өтетін»депсипаттап береді.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біреуге зеку, салғыласу, артық сөйлеу, өзіне қатысы жоқ іске араласудан алыс тұратын. Ешкімді сынамайтын, мінемейтін. Сөз алған адамның әңгімесін бөлмей, сөзді соңына дейін тыңдайтын. Осындай көркем мінезі арқылы исламды насихаттағанын білеміз. Әрине, әрбір мұсылман пайғамбардың (с.ғ.с.) бойындағы жақсы мінезді үлгі етуі тиіс.

– Шынайы мұсылман қандай болуы керек? Ол өзгелерге қалай үлгі бола алады?

Шынайы мұсылман қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбейтін адам болуы тиіс. Оның бойынан тек жақсылықтың нышаны көрініп, сөзі мен амалы үйлесіп тұруы қажет. Өзгеге қандайда бір іс айтпас бұрын ол өз бойынан көрініс табуы керек. Сонда ғана Абай атамыз айтқандай «кәміл мұсылман» болмақ.

– Оқырмандарға айтар ақыл-кеңесіңіз?

– Біз кемшілікті діннен іздемейік. Дінде кемшілік жоқ, кемшілік пендеде. Пенденің жасаған теріс әрекетіне қарап, дін солай екен деп, кінә арту дұрыс болмайды. Әрбіріміз өзгеге пайдасы тиетін мұсылман болайық дегім келеді.