Сурет: Риа Новости
Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо үш апта бұрын жасалған қастандық шабуылынан ауыр жарақат алғаннан кейін алғаш рет бейнеүндеу жариялады. Euronews хабарлауынша, ол шабуылдаушыға жек көрушілік сезімінің жоқтығын айтты.
Фицоның бейнеүндеуі Еуропарламент сайлауы қарсаңында Facebook парақшасында жарияланды. Премьер-министр шабуыл оның денсаулығына ауыр зиян тигізгенін және бірнеше аптадан кейін жұмысқа оралуы «кішкентай ғажайып» болатынын атап өтті.
Қастандық 15 мамырда Словакияның Гандлов қаласында үкіметтің көшпелі отырысы өткеннен кейін халық алдына шыққан кезде жасалған еді. Премьер-министрдің өміріне қастандық жасады деген күдікпен 71 жастағы зейнеткер және «Озық Словакия» оппозициялық либералдық партияның жақтаушысы Юрай Цинтула қамауға алынды.
Роберт Фицо маусым мен шілде айларының тоғысында жұмысқа оралуды жоспарлап отыр және ол шабуылдаушыны жек көрмейтінін мәлімдеді.
«Мен оны кешіремін», - деді Роберт Фицо.