17 шіл, 2025 сағат 16:31

СҚО прокурорлары пайдаланылмаған 30 млрд теңгеге жуық жерді мемлекетке қайтарды – министрлік жауап берді

Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан жалпы құны 29,8 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

2025 жылдың басынан бері прокуратура органдары 146 мың гектардан астам аумақты құрайтын 75 жер учаскесінің заң бұза отырып мақсатсыз пайдаланылғанын анықтады. Оның ішінде Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарындағы ауыл шаруашылығына арналған 45 жер учаскесі ұзақ уақыт бойы игерілмей келген.

Сонымен қатар Петропавл қаласында бір кәсіпкер коммерциялық мақсатта берілген 123 гектар жерді үш жыл бойы пайдаланбаған.

Қадағалау нәтижесінде жалпы ауданы 33,2 мың гектар болатын 36 учаске, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекетке қайтарылды.

 Прокуратураның ресми мәлімдемесінде:

«Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жер ресурстарын тиімді пайдалану міндеті қойылған болатын. Осыған сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал ниетті жер пайдаланушыларға беру жұмысын жүргізуде», – делінген.


Жұмыс жалғасуда. Прокуратура пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау мен мемлекетке қайтару бағытындағы тексерулерін тұрақты түрде жүргізетінін атап өтті.