09 шіл, 2024 сағат 15:05

СҚО-да тұшпарадан уланып көз жұмған екі баланың өліміне байланысты сараптама қорытындысы шықты


Фото freepik


Солтүстік Қазақстан облысында тұшпарадан уланып көз жұмған бір отбасының балаларының сараптама қорытындысы шықты. Деректерге сүйенсек олар нитрит тұздарына уланған, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» жергілікті полиция департаментінінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Аймақ полиция департаментінің мәліметінше тергеу барысында отбасының улану себебі анықталған. Сараптама нәтижесінде  балалар нитритпен жедел уланудан көз жұмғаны көрсетілген.


"Істің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге де мәліметтер жария етілмейді", - делінген хабарламада.


Нитрит – азот қышқылының тұздары. Олар әдетте ет өнімдерінде маринадтап, ыстау және консервант жасау кезінде қолданылады. 


Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да шұжық пен тұшпарадан уланған отбасының екі баласы көз жұмғаны туралы хабарлаған болатынбыз.