16 мам, 2025 сағат 10:44

СҚО-да 6-сынып оқушысы туберкулездің ашық түрімен ауырған


Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform


Бұл жағдай Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мектептерінің бірінде болды, деп хабарлайды СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметі.


Ата-аналардың айтуынша, балада қауіпті дерт 13 мамыр күні анықталды. Тағы қанша баланың, мұғалімнің ауырғаны белгісіз. Әзірге толық тексеріс жүргізілмеген. Сол себепті ата-аналар оқушыларды уақытша қашықтан оқытуды сұрап отыр. Алайда мектеп әкімшілігі олардың өтінішіне құлақ аспаған. Қазір балалар бір кабинет жүйесімен оқып жатыр.


СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиға бойынша мектепте қорытынды дезинфекция жүргізілді.


— Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша туберкулез — шектеу шаралары, соның ішінде карантин енгізілетін аурулар қатарына жатпайды. Ауру ошағы бақылауға алынды, қарсы эпидемиялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр, байланыста болған адамдар анықталды. Аудандық ауруханада қазір олар тексеріліп жатыр. Бұл мәселе Департаменттің ерекше бақылауында тұр, — делінген баспасөз хабарламасында.