Қазақстан Ұлттық банкі бүгіннен бастап номиналы 500 теңгелік алтын мен күмістен «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Сиыр жылы» коллекциялық монетасын айналымға шығарады. Бұл жөнінде банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Монеталар 8 қыркүйектен бастап сатылымға түседі.
Оларды Қазақстан Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарынан, сондай-ақ Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.
Монета дизайнында «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының (Алматы) мүсін композициясының бейнесі пайдаланылды. Мүсін композициясының авторлары: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші-монументалист В. Твердохлебов А. Татаринов және В. Кацев.
Монеталардың аверсінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифологиялық символдары және монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін жазу бейнеленген. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазулар, күннің стильдендірілген бейнесі және монетаның номиналы бейнеленген.
Монеталардың реверсінде орталық бөлігінде шығыс күнтізбесі бойынша 2021 жылдың символы – сиыр бейнеленген. Монетаны айналдыра «2021», «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және «ORIENTAL CALENDAR» деген жазулар жазылған. Монеталардың ішкі жағында шығыс күнтізбесінің қалған он бір символы орналасқан.
Алтын және күміс монеталар он екі қырлы және олардың бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей.
Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Коллекциялық монета Қазақстан теңге сарайында дайындалған.