Сауд Арабиясындағы мектептің баспалдағынан құлап, қаза тапқан 7 жасар қазақстандық 25 сәуір күні туыстарының өтінішімен Мединеде жерленді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2010 жылы дүниеге келген қазақстандық мектептен үйіне қайтып бара жатып, баспалдақтан құлап, қаза тапты. Баланың әкесі, 1981 жылғы Қазақстан азаматы Медине ислам университетінде білім алуда», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.
Туыстарының өтінішімен баланы Мединеде жерледі.
«Қазақстан консульдығы Медине әкімшілігіне Қазақстан азаматын жерлеуге көмек көрсету туралы өтініш жасап, ресми хат жолдады. Баланың ата-анасының мектепке ешқандай дауы жоқ», - деді Әнуар Жайнақов. Еске салайық, Мұхаммед аль-Кушайри діни оқу орнының бастауыш мектеп оқушысы Ахмед Нұр баспалдақтан құлап, басынан алған жарақатының салдарынан көз жұмды. Камерадағы видеотаспаға мұғалімнің оқушылармен сөйлесіп тұрған кезінде оқушының баспалдақтың таянышына шығып, құлап кеткен сәті түсіп қалған.
Ғаламторда жарияланған бұл көрініс қолданушылардың ашу-ызасын келтірді. Олардың айтуынша, баспалдақ таяныштары оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті дәрежеде биік емес.
Медине бас білім беру басқармасы қолданушылардың сынына жауап бере отырып, Сауд Арабиясында осындай үлгідегі ғимараттардың ресми түрде бекітілгендігін хабарлады.
Мектепте қайғылы жағдайда қаза тапқан қазақ оқушысының тергеуі туралы есеп таяу арада жарияланады, деп хабарлады Медине білім беру басқармасы.