13 шіл, 2025 сағат 13:59

СІМ: Қазақстандықтар құлдыққа емес, алаяқтардың тұзағына түсіп жатыр

Фото: Polisia.kz

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік-Шығыс Азияда қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар жайлы пікір білдіріп, бұл құлдық емес, алаяқтық екенін атап өтті, деп жазады zhasalash.kz.

Оның айтуынша, қазақстандықтар көбіне интернет пен колл-орталықтарда жоғары жалақыға жұмыс ұсынамыз деген уәдеге сеніп, алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Кейін олар қиын жағдайға тап болып, елшіліктен көмек сұрауға мәжбүр болады.

«Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қазақстандықтар құлдыққа түсіп жатыр деген ақпараттар тарап жүр ғой. Оның бәрін тексердік. Өйткені соңғы екі жылда көбейіп кетті. Бірақ бұл ешқандай да құлдық емес. Тек қана алаяқтық», - деді ол.


Олар қазақстандықтарға жоғары жалақы уәде етіп, жұмысқа шақырады. Алайда біраз уақыт өткен соң, алданған азаматтар қиын жағдайда қалып, не істерін білмей дал болады.

«Айлықтары жоғары, бір жылдай жұмыс істеп, ақшаларын жинап алады да сосын не істерін білмей, консулға звондайды: “Ойбай, маған көмектесіңіздер, мені шығарыңыздар”, – дейді. Біз барып көмектесеміз. Олар елге келеді, құжаттарын ауыстырады, қайтадан барады ақша жасауға», - дейді ресми өкіл.


Айбек Смадияровтың айтуынша, көптеген қазақстандықтар бұл ұйымдардың алаяқтық екенін түсіне тұра жұмыс істеуге келіседі. Себебі олардың жоғары білімі мен шет тілін білу деңгейі жеткілікті, яғни жағдайды сараптай алатын мүмкіндік бар. Соған қарамастан, олар өз еркімен тәуекелге барып, кейін тығырыққа тіреліп жатады.

«Оны білмейді, сана-сезімі төмен деп айтуға болмайды. Білмесе екі тіл меңгерген, жоғары білімі бар. Сондықтан ешқандай да құлдық жоқ», - дейді министрлік өкілі.