Бүгінгі қазақтардың сол ежелгі ғұн, түрік, Шыңғыс қаған құрған алып империяның тікелей ұрпағы екендігін ұстанған дінінен де көреміз. Барлық ауызша, жазбаша деректер сонау күн заманынан бері барлық түрік тілді тайпалардың Тәңірге (Күнге, Көкке) табынғанын айтады. Көктен кейін отбасының және балалардың қамқоршысы Ұмай ана киелі саналған.
Бүгінгі біздің ұстанып жүрген ислам діні Қазақ еліне ІХ-Х ғ.ғ. кең тарай бастады. Исламды қазақ даласында ең бірінші мемлекеттік дін етіп жариялаған Шыңғысханның арғы аталары Қарахандар әулеті болып табылады. Шыңғыс ханда, оның бүкіл әлемге патша болып таралған сан мыңдаған ұрпақтары да ислам дінін әртүрлі елдер мен ұлыстар арасына таратуда елеулі рөл атқарды. Шыңғыс ханның өзі де жаны қысылып әділеттілік іздеген сәттерінде Көктегі Жаратушы Тәңірге жалбарынып, құрбандық шалып, мінәжат етіп, Аллатағаладан тілек тілеген. Сол заманда жазылған «Мұңалдың құпия шежіресі» мен «Алтан Тобыш» бізге Шыңғысханның бірнеше рет, Меркіттер шабуыл жасап Бөртені олжа етіп алып кеткенде, елін қайта-қайта шауып, атасын өлтірген Қытайға және керуенін тонап, елшілерін екі мәрте жазықсыз өлтірген Хорезмге (сартауыл еліне) жорық бастарда «мойнына бұршақ салып, Тәңірден тілек тілегенін» жеткізді. Бір кереметі Шыңғыс ханның тілектерінің бәрі қабыл болып, дегеніне жеткен. «Құпия шежіреде» Шыңғысханның тілегі былай беріледі:
«Пысықтықпен осы мен,
Патша ағзам болғам жоқ.
Жаратқан ТӘҢІР жебеумен,
Жұрт иесі болдым мен.
Жасаған ием демеумен,
Жойдым бөгде жауды мен.
Алғырлықпен, сірә, мен
Абзал қаған болғам жоқ.
Аруақ-бабам қолдаумен,
Халық иесі болдым мен.
Қасиетті ТӘҢІР қорғаумен,
Қатал жауды жойдым мен», - деп сыйынады. (Мұңалдың құпия шежіресі" 87 бет). Өздеріңіз көріп отырғандай Шыңғыс қаған тура біздер сияқты «Ата-Бабаларымыздың аруағы қолдайды, Қасиетті ТӘҢІР қорғайды» деп отыр.
Түсініктеме: Мойынға бұршақ салу.
а. Қазақтың ертеден келе жатқан ғұрпы, ырымы. Әулие-әнбиеге сыйынып, тілек тілеу. ә. Ертеде баласы жоқ адамдар немесе балаға зар болып жүрген адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Алла Тағаладан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады. б. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Аллатағаладан перзент сұрап жылап, жалбарынған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады, айналып 10 рет, сол жаққа, және оң жаққа. г. «Бұрынғы кезде басына қатты қайғы түскен адам тілек тілеп, мойнына тас бұршақ байлайтын әдет болған: қайғысы жойылғанда мойнына салғанын алады екен» («Қамбар батыр», Алматы. 1957, 112-бет). Толығырақ: https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/34873/.
Түрколог-ғалым Л.Гумилев «Егемен Қазақстан» газетінің 27.02.2000 жылғы санындағы «Көңілде жүрген көп ойлар» атты еңбегінде «Қазақтар бір мәмілеге келе алмай өзара қырқысқанда «Сендерді Шыңғыстың аруағына тапсырдым! Шыңғыстың аруағы атады!» дегенде, барлығы да жым болып, бір тудың астына жиналып, ынтымаққа келеді екен» деп жазды.
«Жалпы, Шыңғысхан дін адамдарына ерекше құрметпен қараған. «Ұлы Яса (Жасақ М.Қ.» бойынша Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үрім-бұтағы, сол сияқты Құран оқушы хафиздер және фақиһтер, емшілер, ғұлама ғалымдар, дәруіш-кезбелер, азаншылар мемлекетке алым-салық төлемеген. Сондай-ақ, діни бірлестіктердің меншігіндегі уақфтық жерлер де салықтан босатылған». Толығырақ: http://kazislam.kz/qazaqstandagy-islam/ishki-kategoriyalar/aza-standa-y-islam-tarikhy/item/13626-shy-ys-khan-m-sylman-ba
Бұл жерде арнайы атап өтетін жағдай, Шыңғыс қаған ешбір елдің дініне қысымшылық жасамаған. Ол жайлы бүкіл әлем елдерінің тарихшылары жазған.
Шыңғыс ханды өзінен кейінгі ұрпақтары да асқан әулие деп мойындаумен өтті. Немересі Мөңке хан Рубрукке «Аспанда – бір жаратушы, жерде бір билеуші болуы – Мәңгілік ТӘҢІР қалауы; Тэмучин – ТӘҢІРІ перзенті, оны Темір (Ер Дәуіт) қорғайды» деп хат жазып, қолына ұстатқан.
Түсініктеме: Ер Дәуіт (Еуропалықтарша Давид) темірші – ұсталардың пірі, он сегіз мың ғаламды билеген әйгілі Сүлеймен (Еуропалықтарша Соломон) патшаның әкесі. Алладан түскендігі бүкіл әлем елдерінің ғұлама-ғалымдарымен толықтай мойындалған төрт кітаптың (Торат (Таурат), Забур, Інжіл, Құран) екіншісі «Забур жырлары» осы Дәуіт пайғамбарға түскен. «Забур жырлары» тап-таза Қазақтың Ана тілінде жазылған. Сенбей жатсаңыздар, тауып алып оқып көріңіздер. Мәтіні интернетте де бар.
«1206 жылы Шыңғыс хан мемлекетінің ел таңбасында «Көкте ТӘҢІР, жерде қаған бар. Әлем иесінің таңба мөрі» деп жазылған (Эренжен Хара-Даван, Чиргис – хаан как полководец и его наследие. Алматы 1991, 19 бет).
«1. Шыңғыс қағанның тегі. ТӘҢІРІ бақытты етіп жаратқан Бөрте Бөрі зайыбы Марал сұлумен бірге талай теңіз-дарияны кешіп келіп, Онын өзені бас алған Бұрхан-қалдұн тауын тұрақ еткен кезде, Батшаған деген бір ұл туады» (26 бет). Сонда Бөрте Бөрі дегеніміз, Алшын-Көкбөрінің ұрпағы Бөрте деген мағына да қолданылған. Бөрте өз аты, Бөрі тегі болып табылады. Ал, «талай теңіз-дарияны кешіп келіп» дегенінен, олардың ол жерге Каспий-Арал өңірінен қоныс аударып барғанын да бағамдауға болады.
Казіргі Монголия жерінде «Қазақтың ТӘҢІР тауы», Байұлы, Кентау атты таулар, Байұлының қара даласы атты дала, Керілген атты өзен мен Қазақ көлі және «Найманның кіндік көлі» атты көл бар.Осы атаудың өзі сөз түсінген адамға көп заттарды аңғартса керек. Ата-бабаларымыз тау мен көлге кіндік жұрттың атын қойған. Бұл деген сөз, сол кездегі Алтай өңірі, Мұңал даласын мекендеген барлық тайпалар, дәл қазіргі қазақ жеріндегі қазақ тайпалары сияқты, қазақ тайпалары деп аталғандығын білдіреді. Сонда Шыңғыс хан құрған алып мемлекетте Қазақ мемлекеті болып шығады.
Сол сияқты Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) өзінің «Адай тегі» атты жырында:
«...Он төрт қабат жер мен көк,
Жаратылған нұрдан, - деп –
Атамыз Сапи, Сапиолла,
Жаралған топырақ, құмнан,-деп,
Хазіреті Шейіш пайғамбар!
О да жаратылған
Бір алланың ішінен,
Рақым еткен күшімен,
Бір тамшы тамған судан, - деп,-
Әр нәрсе солай болатын,
Алланың еткен ісімен,
Естуіңіз жоқ па еді;
Хазіретті Айсаны
Мариям ерсіз туған, - деп,-
Ол күндегі пендеге
Ғайыптан талай бала келіпті
Мезгілсіз туған бір күннен,
Жалтыраған сәулеге
Жеті қабат жер астында
Сарайдың іші толыпты
Онан Дүйім Баян хан
Бізге келіп жолықты
Оның туған анасы... десе, тағы бір көне жырда:
«Дүйін Баян – Шыңғыс хан,
Нәсілің нұрдан жаралған» деп, аруағын атап, бас иіп, тағзым етіп жүретін болған. Дүйім Баян дегені – Шыңғыстың арғы атасы, жазба деректерде Дубу Баян делінеді. Нұр деп Әлеуке (Алан-гуа) ананың нұрдан бала туғанын айтып отыр.
Тура осындай деректі, яғни Шыңғыс қағанның тегі қазақ, оның «нәсілінің нұрдан жаралғандығын» Кіші Жүз – Алшын - Адай -Тобыштың Зорбайы Бәйімбет Телеуұлы «Замананың құлқына» атты жырында:
«Ертеде өткен ерлерден
Ноғайлының Едіге,
Шыңғыстың өткен заманы
Асылы нұрдан жаралған,
Таймаған жолдан табаны» деп жырлаған, яғни олар сопылық ілімнің тарихат жолын ұстанып Алланың Хақ жолынан ауытқымай жүргендер деп отыр.
Түсініктеме: Барлық Маңғыстаулық әулиелер, соның ішінде Әулие Бекет - Пір Атада «тарихат» жолын ұстанушылар екеніне назар аударсақ, 360 әулие атауының да өткен тарихқа қатысты екені дауға жатпаса керек. Себебі, адам баласын «әулие» дәрежесіне жеткізетін төрт сатысының (шариғат, тарихат, ақиқат пен мағрипаттың) екінші сатысы осы тарихат. Мағынасына қысқаша шолу жасар болсақ, бірінші шариғатты (мұсылмандықты, яғни Алланың хақтығын) мойындауың, екінші ата-бабамыздың басынан өткен шежіресі - тарихын білуің шарт. Осы екі сатыдан өткеннен кейін Алланың ақ жолы «Ақиқатқа» жетесің, яғни Әділеттің не екенін түсінетін боласың. Сосын соңғы саты ғылым мен білімге де кең жол ашылады. Әулие атанғандардың барлығы да осы төрт сатыдан өткендер. Өйтпеген де ше? Олардың адамның жан-дүниесін зерттейтін «Хақ ілімі (Хал ілімі, Ар ілімі деп те аталады)» мен Адам ата ұрпақтарының шежіресін сонау Адам атадан бастап тарататынын Маңғыстаулық ақын-жыраулардың барлық шығармаларынан табамыз. Шындығында да «ғылым мен білімнің» төресі, бүгінгілер айтып та, жазып та жүргендей «ракета» жасау емес, Адам жанының мүмкіншіліктерін зерттеп, шынайы махаббат пен шын бақыттың мәні мен мағынасын сезіндіру ғой.
Ал, Қазақтың ақын қызы Айсұлу Қадырбаева жақында ғана жарық көрген «Шыңғыс» атты дастанында, Шыңғысхан атамызды жер бетіне әділеттілік орнату үшін келген әулие ретінде сомдап, дүниеге тағы бір осындай ұл келсе екен деп армандайды. Қағанның адамзатты имандылық жолына үндеген ұлы күрескер екендігін жырлап, Шыңғыс ханды қанішер, жауыз, өркениетті қиратушы, алыс Мұңалияда тұратын жабайы бейнесінде жазып жүргендерге «Ей, кәззәптар, аруақты қорладың, бұл сүйекке дақ, иманыма тиіскен шимайыңа түкірдім! деп, қатал да, әділ шындықты, ешкімнің де бет жүзіне қарамай жайып салады. Шындығында да, ежелгі ұлы ата-бабаларымыз ұстанған тәңір мен ислам дінінің бір-біріне анау айтқандай қайшылығы жоқтықтан, бірі-біріне сіңісіп кетті. Осылайша, ислам дінін қабылдағанымызға сан ғасырлар өтсе де, тәңірді де ұмытқанымыз жоқ. Күні бүгінде де «О, Құдайым!» деген сөздің орнына «О, Тәңірім!» деп те жатамыз.
Түсініктеме: Жаратушы, Құдай, Тәңір, Алла -синоним. Бұл ұғымдардың бәрі Қазақтың ежелгі Ата-Бабаларының арасында дүниеге келген.
Шыңғысханның: «Тәңірім өзі жар болсын!» – деп сөйлеуі де, («Моңғолдың құпия шежіресі», Пекин, 138-бет) «мен қазақпын» деп тұр емес пе? Біз кәзір де солай сөйлейміз ғой.
Енді осының үстіне Шыңғыс ханның өзі алыс жорықтарға шығарда, кейде бір төтенше жағдайлар болғанда, биік төбеге шығып, қазақтарша мойнына бұршақ салып Көк Тәңірге жалбарынатын болғанын қосыңыз. Мысалы, Шыңғыс хан әскерінің батысқа ұзақ жорық жасар алдындағы осындай сәті қытайлықтар шығарған «Шыңғыс хан» телехикаясында көрініс тапқан.
Тарихи деректерге қарасақ, Шыңғыс ханның мұрагеріміз деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байырғы моңғолдар арасында тарихи сабақтастық жоқ. Өйткені, Орта ғасырдағы «моңғолдардың» барлығы кейін ислам дінін қабылдап, мұсылманша ат алды. Мәселен, Үндістанды жаулап алған Бабырдың патшалығын да ағылшындар кейін «Ұлы моғолдар» мемлекеті деп атағаны белгілі. Бірақ сол «Ұлы моғолдар» мемлекетін құрғандардың түгелі Дешті-Қыпшақтың тумалары болатын. Ал қазіргі моңғолмыз деп жүргендер будда дінін ұстанады, есімдері де басқа.
Шыңғысханның қазіргі моңғолдар сияқты Буддаға емес, көшпенді қазақтар сияқты Көк Тәңіріне сыйынғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл маңызды. Қазір жер бетіндегі халықтардың ішінде жалғыз қазақтар ғана Көк Тәңірге табынады. Міне, осыдан келіп қазір қазақтың діншілдігі қақысында Тәңіршіл ме, әлде Ислам дінін ұстана ма деп дау туып жүргені сондықтан. Қазақтың бір басында екі діннің де сенімі бар.
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай.
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға,
Қайтып та келер деймісің,
Мұсылманның баласы,
Шыңғыстан туған хандар-ай… деп Мұрат ақынның жырлайтыны осыдан.
Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) - айтыскер ақын, жырау. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. Отаршылдыққа қарсы көптеген өлеңдер шығарған. Біз бұдан бүкіл қазақтың 700-800 жыл бойы, Шыңғыс қағанды әулие деп қадір тұтқанын көреміз.
«Совет заманында Шыңғыс ханның атын атамау керек болды. Атайтын болсаң, тек жамандау керек. Шыңғыс хан – бүкіл әлемге танылған тұлға. Ұлы тұлға, ұлы қолбасы. Ұлы мемлекет, ұлы империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, Атилламен де салыстыруға болмайды. Ол бәрінен жоғары. Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан. Аңыз бойынша, Тәңірінің нұрынан жаралған. Өзінің асыл тумысын дәлелдеу үшін халықтың алдында шешесі «садағыңды күннің сәулесіне ілдір» дейді. Киіз үйде шаңырақтан түсіп тұрған сәулеге садағын атқанда, жебесі сол сәулеге ілініп тұрып қалды деседі. Ал қалған билікке таласқан Шыңғыстың туыстарының оқтары ілінбейді. «Садағын сағымға ілдірген Шыңғыс хан» деп айтатыны содан. Бұл, әрине, аңыз. Бірақ, Шыңғыс ханға деген сенімнің көрінісі». (М.Мағауин).
«Құпия шежіренің» 147 тарауында тарақтылармен болған соңғы ұрыста Темір ханға жебе тиіп жараланады. Ұрыс біткеннен кейін ханды атып жаралаған тарақтының мергенін ханның алдына әкеледі. Мерген шындықты айтқан соң Темір хан – «Жау жағының адамы істеген зұлымдығын жасырушы еді, ал сен жасырмай айтып отырсың. Мұндай адаммен дос болуға болар. Сенің Зұрғадай (Жырға Адай М.Қ.) атыңды өзгертіп, соғыста мінген құла атымның мойнын садақ жебесімен жаралағандықтан саған Жебе деген ат берейін, жанымда болып жебеден сақта» - дейді.
Қалмақ – Моңғол тілінде садақ жебесін – харвуул дейді, ендеше Шыңғыстың таза қазақ тілінде сөйлегені осыдан көрініп тұр. Жебе – Жырға Адай мергеннің лақап аты. Ертеде қазақ хандарының бәрінің лақап аты болған. Өз атымен бірге лақап аты бірге жүрген. Мысалға Темір аты аталмай – Шыңғыс аты дүниеге жария болды. Бату хан – Сайын хан, Күйік хан – Далай хан, Әбілмансұр – Абылай хан, Әбусағит – Жәнібек хан, Теміке (Шыңғыстың інісі) – Отшы ноян.» (Ақылбеков Ш. М. «Шыңғысхан - Аңыз бен ақиқат»).
«...Қожа Ахмет Йасауидің сопылықтың түркілік бағытын жасауы, түркілердің рухани дербестікке ұмтылуы ислам әлемінің барлық жерінде қолдау таба қойған жоқ. Әсіресе, Хорасан мен Үргеніш ғұламалары Йасауи жолына қатты шүйлікті. «Диуани Хикмет» пен «Насаб-наманың» Қоқан нұсқасында Хорасаннан Баба Мачин мен Үргеніштен Имам Марғузи келіп, бұл жолдан қайтуды талап еткендігі, бірақ өздері Йасауимен болған ілім жарысында жеңіліп, өздерінің соңында Йасауиге шәкірт болғандығы айтылады. Бұл рухани тіке-тірестің соңы XІІІ ғасыр басында Хорезм шах Мұхаммедтің Түркістан мен Мауараннахрды билеген Қарахандықтар билігін жойып, өз мемлекеті құрамына қосып алумен аяқталды. Араб тарихшысы Йақут Хамауи өзінің «Му'жам ал-булдан» атты еңбегінде Мұхаммед бин Текештің Түркістан мен Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билігін толығымен жойғанын жазса, ал, «Насаб-нама» нұсқаларында Отырардың Қарахандық билеушісі Хасан ибн Абд ал-Халық Білге ханды Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келіп өлтіргені, оның орнына Қайыр ханды хан қойғаны, Қайыр ханның нәсілі қаңлы екені жазылған.
Бұдан кейінгі кезеңнің Шыңғыс хан шапқыншылығына ұласқаны, ол бүкіл Евразия құрлығын түбегейлі өзгерістерге ұшыратқаны тарихтан белгілі. Осы шешуші кезеңде Иасауийа шайхтары Шыңғыс хан жағында болды. Оған дәлел ретінде Қожа Ахмет Йасауи шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс хан кеңесшісі болғанын, өзінің туған қаласы Зарнуқты Шыңғыс хан әскеріне қарсыласпай берілуге көндіргенін айтуға болады. Шыңғыс хан ол қалаға "Құтлығ балығ"- деп, ат қояды.
Осыдан араға жүз жыл салып, Йасауи жолы Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік идеологиясына айналады. Ол мемлекеттің тек мемлекеттік идеологиялық бағыт-бағдарын ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесіне өзгерістер енгізеді (З.Жандарбектің «Қожа Ахмет Йасауидің түркі тарихындағы рөлі» атты еңбегінен).
«Тәуке хан, жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал оның ұлы бабасы Шыңғыс қаған әлемнің жартысын жаулап алғанменен, ондағы ел-жұрттардың жан-дүниесіне зорлық жасамаған. Ол өзі сыйынатын көк Тәңіріне табынуды ешкімге тықпаламаған. Сондай тәртіпті жиһангер ұлдары мен немерелеріне де өсиет еткен» (Бейбіт Қойшыбаев http://abai.kz/post/view?id=5256).
Қаншама жорықшылар мен жаулап алушыларды Ұлы Жаратушының кешірмегенін, өмірінің соңында қиналып жан тапсырғанын айтып тауысу мүмкін емес. Ескендір Зұлқарнай 33 жасында Вавилионда белгісіз себептің салдарынан қайтыс болған соң қызметшілері оның отбасы мүшелерін қырып, иелігіндегі жерлерін тартып алған. Юли Цезарьды өз серіктері мен бұрынғы жақтастары Рим сенатының сарайында пышақтап өлтірген. Наполеон Бонапарт қыруар қастандық пен зұлымдықты, көтеріліс пен қақтығыстарды жеңсе де өмірінің ақырғы сәтінде дүниенің қайсы бір түкпіріндегі иен аралда жападан жалғыз жіпсіз байланып, ішқұса болып көз жұмған. Ленин мен Сталинде және олардың ең жақын әріптестері де солардың жолын қуды, мына дүниенің қызығын көрмей кетті. Ал, Шыңғыс хан алпыстың асқарын бағындырып жетпіске таяған шағында өзі үшін жан беруге серттескен, батыр текті адал сарбаздары мен сардарларының арасында, ет-жақын туыстары мен қимас дос-жарандарының ортасында, «өз үйі өлең төсегінде» (көшпелі хан ордасында) Тәңірден тікелей келген ажалымен қайтыс болған.
Ол құрған алып қағанат «Әділдік» пен «Адалдықты» ту етіп көтеріп сан ғасырлар бойы бүкіл әлемге билігін жүргізді. Оның әділдігі мен адалдығы соншалық, оның айналасынан бірде-бір адам сатқындық жасамаған, қарамағындағы бірде-бір ел қарсы шықпаған. Ұрпақтары бүкіл әлем елдеріне патша болып таралды. Өсиеттері 800 жыл бойы ел аузынан түспей келеді.
Осы сөзіме Шыңғыс қаған өсиетінен бір-ақ дәлел келтірейін:
«Жасанды гүл жаңбыр суымен жоғалады,
Жағымпаз жандар сын естісе қуарады» (Шыңғыс қаған).
Ал, қазіргі тарихшылар жазып жүргендей, Шыңғыс ханның төл жұрты делінетін Монголияның тілі де, салт-дәстүрі де, әдет-ғұрыптары да, ділі мен діні де басқа. «Моңғолдардың көпшілігі будда дінінің ламаизм тармағын ұстанады» (Энциклопедиядан алынған мәлімет).
ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ - АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім