Шымкентте 35 748 әскери бөлiмнiң сарбаздары ант қабылдады. Елдiң қалқаны болар 110 сарбаз жауапкершілігін сезініп, қызметiн адал атқаруға ант еттi, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Олардың iшiнде 30 сарбаз Ақмола облысынан, 30-ы Солтүстiк Қазақстан және 50 жігіт Алматы облысынан келген.
Бөлiмнiң командирi, полковник Асхат Абдуваитов пен ҚР Қарулы күштерiнiң ОҚО бойынша ардагерлерiнiң төрағасы, подполковник Бабай Алдабергенов жас сарбаздарды мерекемен құттықтады. Қиын да жауапкершілігі мол қызметтерiне сәттiлiк тiледi.
«Сарбаздар берген анттарына адал, аттарына заты лайық азаматтар бола берсін! Әскери міндет - өте маңызды, абыройлы іс. Ел алдында, Отан алдында, халықтың алдында міндеттерінді адал атқарып, үйлеріңе аман-сау оралыңдар. Біз сендерден үлкен үміт күтеміз!», - деді Бабай Алдабергенов.
Жалпы, жас сарбаздар үшiн бұл күннiң орны ерекше. Ең бастысы, Отан алдындағы борышын адал атқару мен ел алдында жауапты азамат екенiн терең сезiнетiн күн. Салтанаты жиын жабық деп жарияланғаннан соң әскери бөлім басшылары бөлімнің клубында ата-аналармен кездесіп, әңгімелесті. Оларды мазалаған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар алыстан ат терлетіп келген ата-аналар өздерінің балалары жатып демалатын, тамақ ішетін орындармен танысты. Жиын соңында әскери бөлімнің көркем өнерпаздарының шағын мерекелік концертіне ұласты.