Шымкенттегі «Түркістан» сарайында түркі әлемінің Ынтымақтастық күніне арналған салтанатты іс-шара өтуде. «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылған шара түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мен дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында Қырғызстан Республикасының «Ақақ» комузшылар ансамблі мен Ресей Федерациясы, Тыва Республикасының халық артисі Ондар Монгун Оол және Түркия Республикасы, Бурса қаласы Мэрінің ұлттық оркестрінің өнерпаздары Дженгиз Бутун және Хасан Куртулуш Гезюток өнер көрсетуде. Сондай-ақ залға жиналған көпшілік Моңғолия елінің өнерпазы Уранчимэг Одонтунгалагтың, Өзбекстан Республикасының дутар аспабының саз орындау дәстүрін жалғастырушы «Аббос» ансамблі мен Әзербайжан Республикасы «Мугам» триосын тамашалап отыр.
Бұдан бөлек, Татарстан Республикасы Айдар Валеев, Саха-Якутия Республикасы Хомус аспабында орындаушы, әнші және әлемге танымал шаң қобызшылардың бірі Юлияна Кривошапкина, Башқұртстан Республикасынан «Бешбармақ» тобы және Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары келіп, аталған 10 мемлекеттің көркемөнер ұжымдары мен әншілері өз өнерлерін ортаға салуда.
Айта кетейік, түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайту идеясымен 2009 жылғы 3 қазан күні Нахичевани қаласында 4 мемлекеттің қол қоюымен құрылған болатын.
Ынтымақтастық басқосуына Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха, Тыва Республикаларынан арнайы делегациялар келіп, достық өнерін тамашалап келеді. Сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттерден келген көркемөнер ұжымдары мен әншілер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында Түркі әлемінің Ынтымақтастық күніне арналған мерекелік концерт қойған болатын.