Шымкенттің садақ ату кешенінде Кеңес одағының батыры Қарсыбай Спатаевты еске алуға арналған 42-ші халықаралық турнир басталды. Дәстүрлі сайысқа елмізден және көршілес Өзбекстаннан 150-ге тарта спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл батырдың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай республика көлемінде ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Ал, Шымкентте бастау алған сайыстың ашылу рәсіміне батырдың шөбере қызы Құндыз Аташ пен Шымкент қаласындағы Қарсыбай Спатаев атындағы лицей мектебінің директоры Орынкүл Алшынбекова қатысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмұхамедәлі Бердашов пен Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары Сенбек Сариев спорт додасының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Осы турнир елімізге танымал спортшыларды шығарып жатыр. Атап айтсақ, кезінде Әбдірайымов, Ли Александр деген спортшыларымыз шықты. Турнир талай тарланға үлкен спортта баспалдақ іспетті. Оңтүстіктің саңлақ спортшысы Луиза Сайдиева осы сында ысылған. Жерлесіміз ірі жарыстарда шашасына шаң жуытпай, ақыры Рио төрінен бір-ақ шықты. Сөйтіп, үздік он бес спортшынының қатарына енді. Сондай-ақ, тағы сұрмерген екі жерлесіміз Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионатында бақ сынауда», - деді Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары Сенбек Сариев.
Бүгін спортшылар олимпиадалық бағдарлама бойынша іріктеу сайыстарын өтті. Өз кезегінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Луиза Сайдиева ұпай жинау бойынша топ бастады.
«Қарсыбай Сыпатаев атындағы жарыс жыл сайын өтеді. Бұл жарыста біз барымызды саламыз. Шет елде ондыққа ену үшін осы жарыста жоғары нәтиже көрсету керек. Бұл жарыстан соң жұмыстар көп. Азия ойындары алдында Тайландта оқу жаттығу жиындары өтеді. Ал, бұл жарыстан барымды салып бірінші орынды алсам деймін», - дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Луиза Сайдиева.