Шымкенттің Халықты жұмыспен қамту орталығы «Орталық» саябақта бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесін ұйымдастырды. Еңбек жәрмеңкесіне қаладағы 256 кәсіпорын қатысып, 1666 бос жұмыс орындарын ұсынды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, білім саласы - 220, денсаулық сақтау саласы - 92, өнеркәсіп - 202, құрылыс - 62, транспорт және логистика - 21, мәдениет және спорт - 55, қызмет көрсету саласы бойынша 1014 бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар, 20 ірі кәсіпорын өндіріске қажетті мамандар іздеді.
Жалпы, жәрмеңкеге қатысушылардың қарасы көп болды. Онда қолдарына енді диплом алған жастар ғана емес, ересектерді де байқауға болады. Денсаулық сақтау, білім, өндіріс саласына жұмыс ұсынған мекемелер алдында жұмыс іздеушілер ұзын-сонар кезекте тұрды.
Өз кезегінде сала мамандары жұмыс істеуге ниеті бар жандар үшін Шымкентте жұмыс көп деп отыр.
«Сәуір айында өткізілген жәрмеңкеде 2 мыңға жуық бос орын ұсынылып, 520 адамға жолдама берілген болатын. Соңғы 7 айдағы қорытынды бойынша түрлі мекемелер ұсынған бос жұмыс орындарына 7 мың адам орналасты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіби оқытуды дамыту жұмыстары да жүзеге асуда. Еңбек нарығына дайын болуы үшін бірінші жартыжылдықта 32 мамандық бойынша 1739 адамды 3 айлық курсқа оқуға жолдадық», - дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Қуанышбаев.