Шымкенттегі 4 шағынауданның жүргізушілері үшін жол бойындағы келеңсіздіктер аяқталатын күн жақын. Самал – 1 және 2, Қайтпас -1 және Солтүстік Батыс шағынаудандарындағы кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары бүгінде қыза түскен. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қалай? Кәріз жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары қашан аяқталады?
Қалалық мәжілісте қаралған үш мәселенің біреуі – «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы. Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов мырза алдымен биыл құрылысы аяқталатын жобаларға тоқталды. Айтуынша, бүгінде шаһардағы 4 жоба ұлттық қордан несиелі қайтарма негізінде қаржыландырылып, барлық жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Орындалған меже – 90 пайыз. Жыл соңына дейін кәріз жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады.
Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы: “4 жоба бойынша 219 көшеде кәріз жүйесі жүргізіледі. 15 695 абонент кәріз жйелерне қосылады деп отырмыз.”
Құрылыс жұмыстарымен қатар қазылған траншеяларды реттеп, көшелерді қалпына келтіру жұмыстары қоса атқарылуда. Алайда кей көшелерді асфальтау кезінде келеңсіздіктер де орын алуда.
Ал асфальт салынған көшелердегі абоненттерді орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстарын атқаруда қиындық туындауда деген шаруашылық бөлімінің басшысына қала әкімі жаңбыр жауып, лай болмас үшін, жұмысты кешіктермеуді тапсырды. Тіпті жақын күндері өзі арнайы барып тексермек.
Аталған бірнеше нысандардың құрылысы пайдалануға тапсырылса, қала халқы үшін біршама игі істер атқарылады. Мәселен, қала халқының кәріз жүйесімен қамтамасыз етілу деңгейі 42 пайыздан 49,1 пайызға дейін артады.
Махаббат Әбдешова, otyrar.kz