23 қар, 2017 сағат 14:06

Шымкентте кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 6 пайызбен несие берілуде

Шымкентте нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөнінде түсіндіру және оны жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті.  Жергілікті кәсіпкерлердің басын қосқан жиынға «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері, сондай-ақ «Ырыс» микроқаржылық ұйымы және «Даму» қорының менеджерлері қатысты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілішісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Шағын және орта бизнесті қолдауда маңызды саналатын  бағдарлама елімізде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Қарапайым адамдардың төмен пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізуін арттыруды көздейтін бағдарлама  жиында жан-жақты түсіндірілді.

Бағдарламаның жаңалығы сол, несиелер бар болғаны алты пайызбен беріледі, әрі барлық салаға қаржы қарастырылған. Мамандардың сөзінше, несиені  кез келген азамат - бизнесін бастағандар да, енді жоспарлағандар да, қала берді жұмыссыз жүргендер де ала алады. Ал, несиені алу үшін тұрғындарға өңірдегі екінші деңгейлі 6 банкке барып, құжат рәсімдеуі қажет. Кепілдемеге қоятын мүлкі болмаса, «Даму» қоры 85 пайызға дейін кепілдеме бере алады. Бұл мақсатқа бүгінде облысқа  екінші бағыты бойынша 2 млрд 476 млн 400 мың теңге аударымдар бөлінген. Олардың бәрі екінші деңгейлі банктерге түскен. Қазірдің өзінде осы қаражаттар есебінен 8 жобаға 97 млн теңге беріліп отыр. Тағы 500 млн теңгенің жобаларына қаржы беру туралы шешім қабылданған. Ал, несиенің максималды сомасы - 8000 АЕК немесе шамамен 18 миллион теңгені құрайды. Кездесуде екінші деңгейдегі банктер мен «Даму» қорының өкілдері кредиттеудің шарттары мен тәртібі туралы толық ақпарат берді және кепілдік алу схемасын көрсетті. Кәсіпкерлер қызығушылық тудыратын сұрақтарға жауап алды.

«Біз жылдың соңына  дейін осы қаржылардың бөлінуі бойынша сараптама жүргіземіз.  Әрбір банкке қаражат  бөлінді ме, жылдың соңына дейін қанша жобалар қаржыландырылды, басқа банктер неге қаржыландыра алмай жатыр. Солардың проблемасын қарап, кейін ұсынысты Астанаға, осы бағдарламаны жүргізіп жатқан министрлікке жібереміз», - дейді ОҚО «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров.