15 мам, 2024 сағат 12:36

Шымкентте есектерді сойған шаруаға айыппұл салынды


Фото: видеодан алынған кадр


Шымкенттегі фермалардың бірінде есек асырап, сойғандарға айыппұл салынды. Шаруашылық иесі тиісті мамандарға етті Қытайға сатпақ болғанын айтыпты. Мамандардың сөзінше, шаруа қожалығы заңды түрде тіркелмеген, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» otyrar.kz-ке сілтеме жасап.


13 мамырда әлеуметтік желіде тараған видеоның авторы шын мәнінде шаруа қожалығындағы есектердің саны жүзден көп болғанын айтады. Оның сөзінше, сойылған мал саны да төртеу ғана емес, одан әлдеқайда көп екен. Оған видеода көрсетілген мал сирақтары мен шашылған ішек-қарын дәлел дейді ол.


Батыр Арыстановқа сенбі күні ауыл тұрғындары аумақты сасық иіс жайлап, көшеде есектердің бірден көбейіп кеткенін айтып шағымданған. Аудан биі оқиға орнына жексенбі күні барғанда айналаға шашыраған қан мен ет артып жатқан жүк көлігін көрген.


"Есектер көбейіп кетті, оның үстіне жаман иіс болып жатыр" деді тұрғындар. Сенбі күні кеш болып кеткен соң, жексенбі мен, әділ билердің тағы бір мүшесі, ветеринар дәрігермен бірге бардық. Бара жатқан жолда байқадық, өзіміз 120-130 есек санап алдық, қодығы бар есектер жүр екен. Ар жағына барсақ, фермалары бар екен. Фермаларының есігі жабық, сыртында бір көлік тұрған. Есігінің шетінен қарасақ, рефрежиратор тұр", - дейді Тұран ауданының биі Батыр Арыстанов.


Жиналғандар бірден оқиға орнына аймақтық ветеринариялық инспекцияны шақырған. Алайда ол күні ешкім келмепті.


"Ветеринариялық инспекцияға хабарластық, 102 шақырдық. Бірақ инспекция келген жоқ. "Демалыстамыз, қалада емеспіз" деді, әйтеуір бір сылтау болды. Егер сол кезде келгенде дәлел бәрі бар еді. Мұздатқыш не үшін тұр?", - дейді Тұран ауданының биі Батыр Арыстанов.


Қалалық ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаруашылық иесі 12 мамыр күні құлаған төрт есекті сойып, ферманың ауласында көмген. Сойылған есектердің етін сату фактісі тіркелмеді дейді мамандар. Ал жануарлардың иесі оларды Қытайға ет экспорттау мақсатында баққанын айтыпты.


"ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы тарапынан иесіне "Ветеринария туралы" ҚР  25-бабының сақталмауы бойынша ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады. Шымкент полиция департаментінің деректеріне сәйкес, 12.05.2024 жылы шаруа қожалығы иесіне ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес Шымкент қаласының аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша айыппұл салынды", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.


Есектердің иесіне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Тұрғындар жануарлардың әлі де жайылып жүргенін, ал иісі бүкіл жақын маңдағы аумақты алып жатқанын айтып шағымданып жатыр. Айта кетейік, мұндағы жұрт ферманың толық жабылып, жұмысын тоқтатуын талап етіп отыр.