09 қаң, 2025 сағат 17:50

Шымкентте екі теміржол өткелі салынады


Фото: egemen.kz


Шымкентте екі теміржол өткелін салу үшін 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне қайтарылады.  Момынов және Тіленшин атындағы көшелердің бойында орналасқан жеке  учаскелердің иелерімен келісім жасалып, нарықтық бағалау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz 24kz-ке сілтеме жасап.


Құрылыс жобасы бойынша екі жолақты жолдың жиегі 15 метрге кеңейтіледі. Нәтижесінде жыл соңына қарай пойыздың жүру жиілігіне қарамастан, облыс аумағынан қалаға қатынайтын көлік қозғалысы реттеледі. Құрылыс барысымен танысқан мәжіліс депутаттары Болатбек Нажметдинұлы мен Данабек Исабеков осылай дейді.


Бақытжан Аязбеков, қала тұрғыны: - Пойыздың жиілігіне байланысты мына Момынов көшесі, Тіленшин көшелерінде сағаттап күтуші едік. Бұл маңызды жоба. Күре жол. Төле би ауданына, Сайрам ауданына жиі қатынаймыз. Сондықтан құрылысты сапалы етіп мерзімінде тапсыруын күтеміз. Халықтың үміті сол. 


Депуттар теміржол өткелін салу мәселесіне былтыр араласып,  республикалық бюджеттен қаражат бөлуге себепкер болған еді.  


Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - 2024 жылдың бюджетін нақтылау кезінде 2025-2027 жылдың бюджетін қарау кезінде осының қаржысын бөлу туралы бізде Парламентте өте үлкен жұмыс жүрді. Жобалық-сметалық құжаттың алдын ала қойған техникалық тапсырысы дұрыс. Мен өзім ақтарып, танысып көрдім. Бір өткелге 7 млрд 800 млн бөлінсе, екінші өткелге 5,5 млрд бөлініп отыр.