26 сәу, 2024 сағат 10:20

Шымкентте белгісіз сұйықтықтан 22 адам уланып қалды


Фото: mayak1932.kz


Шымкентте белгісіз сұйықтықтың иісінен 22 адам уланып қалды, деп хабарлайды 24kz.


Оқыс жағдай Еңбекші ауданындағы тұрғын үй секторы аумағында болған.


Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігіне тиелген 800 литрлік темір бөшкеден сұйықтық төгіліп, газ бен бу ауаға тараған. Соның кесірінен тұрғындардың жүрегі айнып, өздерін жайсыз сезінген.


Зардап шеккендер алғашқы медициналық көмек алып, токсикология орталығына жеткізілді.

Дәрігерлердің тексеруінен кейін олардың барлығы үйлеріне жіберілген.


Экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сұйықтық төгілген аумақтан сынама алып, зертханалық талдаулар жүргізді. Болжам бойынша ауада аммиак, пропан, метан, көмірсутекті мұнай газының артық мөлшері бар. Зерттеу қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады.


"13 науқас жедел жәрдеммен, қалған науқастар өз бетінше бізге келіп көмекке жүгінді. Соның ішінде біз 9 науқасқа стационарлық ем көрсеттік. Олардың барлығы үйіне жіберілді, амбулаторлық учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ", - деді қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермағанбетова.