Бүгін Шымкенттегі диагностикалық және реанимациялық ота жасау ауруханасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, барша медицина саласының қызметкерлерін құттықтады.
Жаңа нысан 2 жылда салынып, іске қосылып отыр. Денсаулық сақтау мекемесінің бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері орналастырылса, екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі бар. Ал, үшінші қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Емделушілер үшін де стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған.
Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша емдік шараларын жүргізеді. Мекеме мандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады. Мұнда күнделікті 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Орта есеппен олардың 70-90 ауруханаға жатқызылады. Емдеу мекемесі бойынша жыл сайын жүйелі түрде емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері өндіріске ендірілуде.
Жалпы, осы жылы облыс бойынша 38 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына облыстық бюджеттен 3,8 млрд теңге қаралып, құрылыстары жүргізіліп отыр. Оның 34 нысаны жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.