26 қыр, 2017 сағат 14:16

Шымкентте 58 нысан мемлекет меншігіне алынған

Шымкентте биыл 42 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ, 3 нысан жеке меншік иелігіне өтіп, қала бюджеті 134 миллион теңгеге толықты. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте коммуналдық меншікті тиімді пайдалану жайы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосыновтың айтуынша, бүгінде қала аумағында 280 коммуналдық заңды нысан бар. Тек биылдың өзінде 58 коммуналдық нысан мемлекет меншігі ретінде қабылданған.

Жиында шаһар басшысы бұл саладағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Әсіресе, сала мамандарына Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарынан қала аумағына жаңадан қосылған елді мекендеріндегі ауыз су жүйесін мемлекет меншігіне алуды қатаң түрде тапсырды.

«Сайрам ауданынан қосылған елді мекендер аумағында әлі күнге 34 нысан мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Бұл саладағы жұмыстарға бей-жайлық қарекет танытқаны үшін жауапты сала мамандарына арнайы шара көрілуі тиіс», - деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, жиында қала әкімі тұрғындарды коммуналдық қызметпен қамтып отырған монополистердің қамсыз тірлігін сынға алды.

«Қандай да бір қажеттілікпен асфальт орнын шұңқырға айналдырған жауапты мекемелер жол қауіпсіздігін сақтау үшін жарқырауық шамдар қызметін пайдаланып, ескерту белгілерін орнатсын және қазылған орынды дер кезінде қайта қалпына келтіретіндей болсын. Егер де аталмыш жұмыстар сапасыз орындалатын болса, қатаң шара қолданылады», - деді жиынды қорытындылаған қала әкімі.