Шымкентте 5 мыңға тарта оқушы оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды. Қыркүйек айында қалада үш жаңа мектеп пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сала мамандардың сөзінше, ағымдағы жылы шым шаһардағы білім мекемелерінің саны 228-ге жетіп отыр. Оның 132-сі мектеп болса, 88-і балабақша мен 8-і мектептен тыс мекемелер. Енді білім ұяларының №125,128,129 үш жаңа мектеп толықтырады. Сонымен қатар, №69 және №97 мектептерінің ғимараты жаңартылып отыр. Ал, үш ауысымда білім беретін мектептер саны 8 болса, жаңа оқу жылында «Достық», «Ақжайық», «Жаңаталап», «Қайнарбұлақ», «Сәуле» шағынаудандарындағы 5 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонда 4 800 оқушы қалыпты білім беру жүйесіне көшеді. Сол сияқты «Таскен» тұрғын үй алабындағы үш ауысымдық мектептің мәселесі 2018 жылы шешімін табатын болады. Білім бөлімі берген мәліметке сәйкес, желтоқсан айында Әкімшілік іскерлік орталығындағы 1200 орындық жаңа мектеп ашылатын болады. Сондай-ақ, «Самал-3» шағынауданында да жер телімі рәсімделіп, оқушылар үшін жаңа білім ошағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Оның құрылысын 2018 жылы бастап, 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева бала саны артық 5 мектептің барын айтады.
«Бұл мектептерді үш ауысымдық оқу жүйесіне көшірмей-ақ, оқушыларға білім беруін жеңілдету мақсатында жақын маңдағы басқа мектептерден сынып бөлмелерін қарастырдық. Атап айтқанда, №9, 23 мектеп оқушыларына №14, 20 мектептерден сынып бөлмелері берілетін болады. Ал №1, 46, 65 мектептерге жалға алуға ғимараттар іздестірілуде», - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Жанат Тәжиеваның айтуынша, №1 мектептің жанынан қосымша құрылыс салу үшін зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған ұқсас №65 мектептегі мәселені ретке келтіру үшін мектеп жанынан қосымша 0,72 га жер мемлекет мұқтаждығына қайтарылған. Қазіргі таңда рәсімдеу жұмыстары жоспарланып отыр екен. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылға дейін шаһарда үш ауысымдық мектептердің мәселесі толық шешімін табады.