07 қар, 2017 сағат 16:22

Шымкентке жаңа әкім келді

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Шымкент қаласының әкімі болып Нұрлан Сауранбаев тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевты қала активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Шымкент қаласы Елбасының назарындағы экономикасы мен құрылысы қарқын алған еліміздегі үшінші қала екенін айтқан аймақ басшысы қала әкіміне жаңа жұмысында жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Сіз - кәсіби деңгейі жоғары, мемлекеттік қызметтің түрлі саласынан өткен тәжірибелі мамансыз, сондықтан да  Нұрлан Ермекұлы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отырған бірқатар мәселелерге назар аударып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын  қамтамасыз етуді, қала бюджетінің кіріс бөлігін арттыруды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар тартуды, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуды, қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің инфрасртуктурасын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1991 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін, 2001 жылы - ЭНИ-Аджип мұнай өнеркәсібінің оқу орталығын бітірген. Мұнайды басқару магистрі. 

Еңбек жолын 1991 жылы Алматы қаласында «Еңбек» ЖШС-ның директоры лауазымынан бастады, 1997 жылға дейін директор лауазымын атқарды. 1997 - 1998 жылдары – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры. 1998 - 2000 жылдары – «Қазақстан Темір Жолы» РМК «Жолаушылар тасымалы» ЕМК директоры. 2000 - 2001 жылдары - «АМӨЗ» ААҚ бірінші вице-президенті. 2001 - 2002 жылдары - «Қазақойл» ННК ЖАҚ «АМӨЗ» ААҚ қайта құру жобасын басқару жөніндегі топтың басшысы, бас менеджер. 2002 - 2004 жылдары - «ҚазМұнайгаз» ҰК ЖАҚ инжинирингілік және сервистік жобалар департаментінің директоры. 2004 - 2007 жылдары - «ТеңізСервис» ЖШС-ның вице бас директоры. 2007 - 2010 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарушы директоры. 2010 - 2011 жылдары - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның Басқарма бастығы орынбасарының көмекшісі. 2011 жылғы қаңтар-мамыр айларында - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның басқарушы директоры. 2011-2014 жылдары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. 2014 жылдың тамыз айынан ҚР қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2015 жылдың қаңтар айында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.