18 нау, 2025 сағат 12:16

Шымбұлақта қар көшкіні салдарынан шаңғышы қаза тапты

Фото: Istockphoto.com

Алматыдағы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының маңында қар көшкіні салдарынан шаңғышы қаза тапты, деп хабарлайды Ult.kz

17 наурызда Алматы қалалық ТЖД-ға "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының диспетчері курорттан бір шақырым жерде орналасқан "Комсомол" шыңы маңында көшкін жүргенін хабарлаған.

ТЖМ мәліметінше, оқиға Нунатак көлі маңындағы Талғар асуында болған. Белгілі болғандай, үш шаңғышы тыйым салынған жерде шаңғы тепкен.

"Үшеуі де көшкін астында қалған. Екі жәбірленуші қар астынан өз бетінше шыққан, үшінші адамды "Шымбұлақ" құтқарушылары алып шықты", - деп мәлімдеді Алматы қалалық ТЖД өкілі.


Қаза тапқан әйелдің 35 жастағы Ресей азаматы екені анықталды. 

"Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының әкімшілігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қонақтарды таудағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.