Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінің қарсаңында өңірдің аграрлық саласының өкілдерінің салтанатты жиыны өтіп, үздіктері марапатталды.
Салтанатты шараға аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері мен ардагерлері, аграрлық сектордың озаттары қатысты. Жиналған жұртты өңір басшысы Даниал Ахметов құттықтады.
- Кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында сіздердің ел игілігі үшін атқарып жүрген жауапты жұмыстарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Биылғы мерейтойлы жылды облыстың аграрлық саласының қызметкерлері жақсы нәтижемен аяқтауда. Сіздер 1 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жинап, 800 мың тонна сүт және 250 мың тонна ет алдыңыздар. Өткен жылмен салыстырғанда тамақ өнеркәсібінде өнімділік артып, өндіріс көлемі 2 млрд. теңгеге дейін өсті, - деді өз сөзінде ШҚО әкімі.
Іс-шараның аясында аграрлық сектордың 62 озаты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық «Еңбек ардагері» медальдарымен және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің грамоталарымен және дипломдарымен марапатталды.
Атап өтер болсақ, облыстың өңірлік жалпы өнімінің 12 пайызы ауыл шаруашылығына келеді. Бүгін күні аймақта 16,6 мыңнан астам агроқұрылымдар жұмыс істейді. 2016 жылы облыстың ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 170 млрд. теңгеге жуық көлемде инвестиция салынған.