12 мау, 2024 сағат 13:15

Шу алқабында бір аптада 2 тоннадан астам қарасора жойылды

Сурет: Жамбыл облысы ПД

Жамбыл облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы шеңберінде іс-шаралар қарқынды түрде жүргізілуде. Оның ішінде жабайы қарасораны вегетативті жетілуіне дейін жоюға ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы жасалған жаңа карта полицияға Шу алқабындағы жабайы қарасора өсетін нақты аумақтарды жүйелі бақылауға мүмкіндік берді. Полицейлер әр учаскені мұқият зерделеп, жабайы қарасораны жою жұмыстарын тиімді ұйымдастыруда. Өткен аптада 1,8 гектар жерде ору және өртеу арқылы 2 тонна 150 келі жабайы қарасора жойылды.

"Есірткіге қарсы іс-шаралар кешеніне жабайы қарасораны дайындап, әкетудің алдын алу ғана емес, оның жаппай плантацияларын жою да кіреді. Өсудің негізгі ошақтары – қараусыз қалған бақшалар, мақсатына сай пайдаланылмайтын ауылшаруашылық алқаптары. Біз химиялық өңдеуді жүргізбейміз, өйткені бұл экологияға зиянды. Шөпті шабу тиімділігі жағынан химиялық заттардан төмен, бірақ әлі де тиімді әдіс болып табылады. Біз жыл сайын қарасораның вегетативті жетілуіне дейін барлық процедураларды орындауға тырысамыз. Біздің жұмысымызға түсіністікпен қарайтын ауыл тұрғындарына алғысымызды білдіреміз", - деді Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.


Өткен жылы Жамбыл облысының аумағында 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.