Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков өз командасының ойынына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл - Абзал Әжіғалиев мен Денис Никишада үшінші олимпиада, қалғандары бірінші рет қатысып тұр. Бірінші дистанцияда командамыз бесінші орынға шықты, бұл - біз үшін жоғары нәтиже. 12 команда медальға таласты, біздің ұл-қыздарымыз құламай, барлық ережесімен дұрыс өтті. Дегенмен, қыздарымыздың нәтижесі әлі де төменірек. Денис пен Абзал, Әділ – жақсы спринтерлер. Қыздардың спринтерлігі жетіспегендіктен медальға таласа алмады. Сол дайындығымен бесінші орынға жеткені – жақсы нәтиже», - деді жаттықтырушы ҚР ҰОК ұйымдастырған ZOOM-конференцияда.
Сонымен бірге, Қарсыбеков шорт-трекші Әділ Ғалиахметовтің көрсеткішіне пікір білдірді.
«Сайысқа 10 адам шыққан соң, оларды басып озу қиын. Бір жағынан шеберлігі де жетпеді. Заң бойынша алты адам жарысқа шыққанда, жоғары нәтиже көрсетер еді. Бірақ Әділдің өзі – табиғатынан талантты бала. Бізде ондай көпсайысшы спортшы болмаған. Ол 500 метрге де, 1000, 1500 және 3 мың метрге де жүгіреді. Әлем чемпионаты басталғанда жүлделі болады деп үміттенеміз», - деді Мәдіғали Қарсыбеков.
Айта кетейік, 23 жастағы Ғалиахметов ересектер арасындағы Олимпиадаға алғаш рет қатысып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды.