ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ұлттық экономика министрі Р. Дәленов 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында 2020 жылға арналған макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылау және Мемлекет басшысының кепілдендірілген трансфертті түзету жөніндегі Жарлығының жобасы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, болжамды нақтылаудың негізгі факторлары – тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай, байқалып отырған жаһандық рецессия және коронавирусты таратпау бойынша қорғау шаралары аясында іскерлік белсенділіктің баяулауы.
«Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ға, металдар орта есеппен 15,6%-ға, әлемдік биржалық индекстер орта есеппен 20,9%-ға төмендеді. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне $22 дейін төмендеді», — деді ұлттық экономика министрі.
Осыны ескере отырып, осы жылғы сәуір-желтоқсанға мұнайдың орташа бағасы бір барреліне $20 деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынды.
Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 4 млн-ға 86 млн тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде.
«Экспорт $16,3 млрд-қа төмендеп, $35,1 млрд құрайды. Импорт $7,5 млрд төмендеп, $26,6 млрд құрайды. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ға төмендеуі күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 69,7 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен», — деді Р. Дәленов.
Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.
Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2020 жылы 6 414,1 млрд теңге көлемінде бағалануда, бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1 672,3 млрд теңгеге аз.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, негізгі төмендеу қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер бойынша күтілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қабылданған салықтық ынталандыру мен жеңілдіктер бойынша барлық шаралар бюджеттің кіріс бөлігінде ескерілді. Ірі сауда объектілері, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет объектілерін жылдың соңына дейін мүлік салығынан босату орнатылды.
«Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды», — деді Р. Дәленов.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бойынша жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ, биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 30 наурыздан 1 қазанға дейінгі кезеңге 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) 6 айға биылғы 1 қазанға дейін босату қарастырылған.
Бұл шара туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнесі салаларын, ірі сауда объектілерін, сауда ойын-сауық орталықтарын, кинозалдар, театрларды, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, көлік қызметтерін, консультациялық қызметтер мен ақпараттық технологияларды, тамақ өнімдерін өткізу мен дәріханаларды қоспағанда сауда субъектілерін қамтиді.
Салықтық әкімшілендіру бөлігінде 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, қызметкер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) төлеуді кейінге қалдыру енгізілді.
Бұдан басқа, төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды. Жалпы, жоғарыда көрсетілген барлық шаралар 700 мың салық төлеушіні қамтиды.
Р. Дәленов бюджет кірістерінің күтілетін тапшылығын жабу және дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыру үшін 2020 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 2 070 млрд теңгеге, яғни 4 770 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсыналатынын айтты.
Жалпы, республикалық бюджеттің шығыстарын бекітілген көлемге қарағанда 1 356,4 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 14 270,7 млрд теңге көлемінде болжанады.
Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,5% деңгейінде 840,7 млрд теңгеге ұлғайта отырып жоспарланады. Мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі жалпы ішкі өнімнің 10,8%-ын құрайтын болады.