Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал АХМЕТОВ бастаған облыс делегациясы Үрімші қаласында өткен «Қытай-Еуразия Экспо 2016» халықаралық көрмесіне қатысып қайтты. Іс-шара аясында Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономды өлкесінің халық үкіметі басшыларымен және бизнес топтары өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Бұл туралы «Дидар» газеті жазады.
«Қытай-Еуразия Экспо» көрмесі Шыңжан-Ұйғыр автономды өлкесінің Үрімші қаласында 20-25 қыркүйек аралығында өтуде. Оның мақсаты Қытай мен Азия және Еуропа елдері арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықты ары қарай дамыту, сонымен қатар Шыңжан-Ұйғыр автономды районын өзге елдерге жан-жақты таныстыруға септесу болып табылады.
Көрменің басты тақырыбы - «Жібек жолы: мүмкіндіктер және болашақ». ЭКСПО қатысушылары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің және азық-түлік, зияткерлік іс, автоиндустрия, құрал-жабдық, логистика, ақпараттандыру және тағы басқа салалар өнімдерінің көрмелері жұмыс істеді. Барлығы 14 бағыт негізге алынды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов «Қытай-Еуразия Экспо» көрмесінің ашылу рәсімінде және көрме аясындағы ғылыми-техникалық әріптестік мәселелері жөніндегі форумда баяндамалар жасады.
«Қытай-Еуразия» көрмесі түрлі салалардағы жетістіктер мен инновациялық технологиялардың таныстырылымына ғана емес, өзгеріске толы әлемдегі Қытай экономикасы трансформациясының үлгісіне айналды.
Елбасымыз Нұрсұлттан Назарбаев Қытаймен өзара тату қарым-қатынастар біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыты екенін үнемі атап көрсетіп отырады. Соңғы бірнеше жылдарда Қытай еліміздің ең ірі сыртқы сауда әріптесіне айналып отыр. Қытайдың еліміздегі тауар айналымындағы үлесі 17 пайыздан асты, бұл - 14,2 миллиард АҚШ доллары. Шығыс Қазақстан облысында тауар айналымының үштен бірі Қытай Халық Республикасына тиесілі, яғни, 340 миллион доллар. Экспорт құрылымында қорғасын, мыс, мырыш және түрлі металл қоспалары басым. 47 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірдегі алпауыт кәсіпорындар өз өнімдерін сатады, шикізат пен өндіріске қажет реагенттер сатып алады.
Екі ел үкіметтері Қытайдағы өндіріс қуаттарын Қазақстанға көшіру бағдарламасын әзірледі. Олардың негізінде автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы, тау-кен байыту, металлургия және жеңіл өнеркәсіп, энергетика, көлік, жаңа технологиялары салаларындағы 26 миллиард доллардың 51 қазақ-қытай бірлескен жобасы жатыр. Оның ішінде төрт жоба біздің облыс аумағында іске асырылуда, атап айтсақ, «Фотон» жүк көліктерін және «Ловоль» жол құрылысы, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, Тұрғысын су электр стансасын салу, «Каз Минералс» кәсіпорнының анодты мыс өндірісін іске қосу, «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС-нің мал сою және бордақылау цехының құрылысы сынды жобалар.
Қытайлық әріптестердің еліміздің экономикасына салған инвестициялары 15 миллиард АҚШ долларынан асады.
- «Еуразияның жүрегінде» орналасқан Шығыс Қазақстан «Жібек жолы» экономикалық белдеуін ары қарай жүзеге асыруға ерекше мән береді. «Қытай-Еуразия» көрмесін біз ынтымақтастық үдерістердің маңызды тұғырнамасы ретінде қарастырамыз. Біз ынтымақтастықты тереңдету, бірінші кезекте атом және тау-кен металлургия өнеркәсібі және энергетика саласы бойынша келісімдерге сәйкес жұмыс істеуге әзірміз. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді қамтамасыз ету бойынша да, - деді Даниал Ахметов.
Облыс басшысы ағымдағы жылдың 21-22 қазанында Өскеменде өтетін «Алтай Инвест-2016» халықаралық инвестициялық форумы қарсаңында іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге айрықша назар аударды және барлық мүдделі инвесторларды іс-шараға қатысуға шақырды. Ол іс-шарада ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және туризм салаларындағы 926 миллиард теңгенің 84 жобасы инвесторлар назарына ұсынылады.
Көрме аясында Даниал Ахметов Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономды районы Үкіметі төрағасының орынбасарлары Хуан Веймен және Ши Даганмен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында екі өңір арасындағы ары қарайғы әріптестік мәселелері және сегіз негізгі бағыт бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжан-Ұйғыр автономды өлкесі ынтымақтастығының жол картасын іске асыру мәселелері талқыға салынды. Аталмыш Жол картасына 917 миллион АҚШ долларының (307 миллиард теңге) сегіз инвестициялық жобасы енеді, олар ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және орман өңдеу салаларын, сонымен бірге, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, мәдениет және спорт салаларындағы бірлескен ынтымақтастық жоспарларын қамтиды.
- Қытай еліміздің ең ірі сыртқы сауда әріптесі болып қала бермек. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжан-Ұйғыр автономды өлкесіарасында түрлі деңгейдегі 12 екіжақты кездесу өткізілді. Бүгінгі біздің кездесуіміз - екіжақты қарым-қатынастар дамуындағы кезекті бір кезең, - деді Хуан Вей мырзамен кездесуінде аймақ басшысы.
Мәселен, үстіміздегі жылдың 16-қыркүйегінде Үржар ауданында 2,6 миллион АҚШ долларының цемент-бетон бұйымдар шығаратын зауыты іске қосылды. Балық өнімдерін өндіретін облыстағы «Кузмич» ЖШС Қытай импортерларының тізімен қосылды. Балықтың кезекті партиясы Үрімші қаласына қыркүйек айының соңында жеткізіледі. Туризм саласы бойынша осы жылдың шілдесінен бері қытайлық туристер үшін оңтайландырылған топтық визалар енгізілді. Облысқа тамыз айында 100 адамнан асатын төрт қытайлық туристер тобы келді. Облыс басшылығының ұсынысы бойынша Майқапшағай және Бақты өткізу бекеттерінде қытайлық туристерге арналған жеке кабиналар ашылған.
«Қытай-Еуразия Экспо» көрмесі аясында өткен ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша секция жұмысына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық әріптестік үлкен әлеуетке ие екенін атап көрсетті. Айталық, өткен жылдың күзінен бері Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ өңірдегі металлургиялық кәсіпорындармен бірге төрт ғылыми-технологиялық бағдарламаны іске асыруда. Оның бірі Үлбі металлургиялық зауытымен магнитті-резонансты томографтарға арналған сымдар шығару технологиясын әзірлеуді және тантал мен ниобийден жоғары технологиялық медициналық бұйымдар жасауды көздейді.
Осы және өзге де жобалар туралы кеңірек баяндаған облыс әкімі қытайлық серіктестерді осы іске атсалысуға, әріптестікке шақырды. Сонымен қатар, студенттер алмасу ісін қолға алуды ұсынды. Атап өтерлігі, осы жылдан облыс Қытай тарапымен бірге техникалық және кәсіби білімі бар мамандарды дайындау орталығын құруға кіріскен.
Мұнымен қоса, іссапар аясында «ТВЕА» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Чжан Синьмен Семей қаласындағы №3 жылу энергия орталығының құрылысы бойынша кездесу болып өтті.
Ержан Әбіш