20 қаз, 2017 сағат 13:45

ШҚО мектептері заманауи құралдармен жабдықталады

Өскемен қаласында өткен «Туған жер» форумында «Менің мектебім» жобасы іске қосылды. Аталмыш жоба аясында ШҚО мектептерінің химия, физика, биология, робототехника сыныптары заманауи техникалармен жабдықталмақ.

«Туған жер» форумына қатысқан аймақ басшысы жобамен толықтай танысып, баланың дүниетанымын ерте жастан қалыптастыру үшін жағдай жасау қажеттігін айтып өтті. Жоба бойынша, орта білім ошақтарының сыныптары Назарбаев зияткерлік мектебінде орнатылған техникалар сынды жаңа құрал-жабдықтармен қамтылмақ.

–  Біз Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу тәжірибесін және көрсеткіштерін толықтай зерттеп, қорытынды шығардық. Қазірде облыстағы 277 мектепте 425 сыныпты жаңашаландырып, құрал-жабдықтар орнату қажет. Соның ішінде, 38 физика сыныбын, 37 химия, 78 биология, 272 робототехника сыныптарын жалпы құны 2,8 млрд теңгеге жабдықтаймыз, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

 Қазірдің өзінде білім саласына қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлер аз емес. Шемонаиха ауданында орналасқан «Выдрихинское» ЖШС басшысы Александр Белкин өз қаражатына Выдриха ауылдық орта мектебінің сыныбын робототехника сыныбымен жабдықтады. Ал зайсандық кәсіпкер, «Бота» шаруа қожалығының басшысы Қаратал ауылдық орта мектебінің география сыныбын жабдықтауға қолдау көрсеткен.

Форум барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтып өткендей, білім саласына бөлінген инвестиция – мемлекет дамуының кепілі.