- Шығыс Қазақстанда қымыз өндірісі тек шалғай аудандарда ғана емес, қала ішінде де қарқын ала бастады, деп жазады «Хабар 24».
Зырян қаласындағы Кітапбаевтар отбасы бір жылдан бері ата кәсіппен табысты айналысып келеді. Еңбекқор әулетке мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Енді несібесі молайған отбасы мал басын арттыруды көздеп отыр.
Мұрат Кітапбаев заңгер әрі экономист мамандығын игерген. Зырян қаласында біраз уақыт жұмыс істеген ол ақыры тәуекел етіп, ата кәсіпті қолға алыпты. Бір жылдан бері жеке шаруашылығын жүргізіп, халыққа таза әрі сапалы қымыз ұсынып келеді. Бүгінде кәсіпкер өз ісіне әбден машықтанып алған. Жайылымы аз болса да, әрбір бие мен құлынның күйлі болуына баса мән береді.
«Кең жерлерде құлынды биенің мойнына қосақтап жайып жіберіп барып сауады. Қазір қала іші болғандықтан жер тапшы, сондықтан құлынды жеке алып қалып, әл-ауқатын сақтап отырамыз», - дейді фермер Мұрат Кітапбаев.
Мұрат Зырян қаласында қымыз өндірумен айналысса, еш ұтылмайтынын білді. Өйткені шаһарда осыған дейін ешкім мұндай кәсіпті қолға алмапты. Сондықтан шаруасы бірден өрге басты. Отбасылық кәсіп жұдырықтай жұмыла еңбек еткенде ғана табыс әкеледі. Сол себепті Мұрат әрбір жоспарын анасымен ақылдаса отырып қабылдайды. Өйткені жас кәсіпкерге бие сауып, қымыз баптаудың жөнін көрсеткен де анасы. Ал оған кезінде дәмді қымыз дайындаудың әдісін өзінің әжесі үйретіпті.
Шаруа иелері күніне 25-30 литр қымыз дайындайды. Айтуларынша, шипалы сусынға сұраныс жоғары. Сондықтан болашақта кәсіптерін кеңейтуге ниетті.