08 қаз, 2025 сағат 11:58

ШҚО-да шенеуніктер қатысқан заңсыз алтын өндіру ісі әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлан ауданындағы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу нәтижесінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасарларының бірі өзге адамдармен бірлесіп, кен орнын заңсыз игеру схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Бұл мақсатта олар өз бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС арқылы жұмыс жүргізген.

Бұған дейін хабарланғандай, алтын өндіру ісі екі жыл бойы ешқандай лицензиясыз, ауыр техника көмегімен және өзен арнасына заңсыз араласу арқылы жүзеге асқан. Соның салдарынан қоршаған ортаға 300 миллион теңгеден астам залал келтірілген.

Тінту кезінде жалпы құны 382 миллион теңгеге бағаланған 6,7 келі алтын, 10 миллион теңге, сондай-ақ 56 мың АҚШ доллары тәркіленді. Барлық қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды.

Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.