03 қар, 2016 сағат 10:25

ШҚО-да мектептерге ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді

Шығыс Қазақстанда 16 мектепке ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар хабарлады.

Атап айтсақ, Үкіметтің қаулысымен Өскемен қаласындағы №33 мектепке Абайдың, №1 орта мектепке Шәкәрімнің, №3 мектеп-гимназияға  Шоқан Уалихановтың, №16 мектепке Зәки Ахметовтің, Риддер қаласындағы №3 орта мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімдері берілді. 

– Еліміздің даму тарихында орны бар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдерінің өңіріміздегі мектептер мен басқа да мекемелерге берілуі қуантады. Мұның жас буынды елшіл, мемлекетшіл рухта тәрбиелеудегі мәні өте зор. Сондай-ақ бұл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аясында тұрғындарымызға ерекше тарту болды, – деді аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омар.

Сондай-ақ, Ұлан ауданы Благодарное орта мектебі Ахмет Байтұрсынұлының, Үржардағы Крупская атындағы мектеп-балабақшасы Абылайханның, Өскемендегі орталық кітапханаға Оралған Бөкейдің есімдерімен аталды. Ұлт қайраткерлерімен бірге өңір тарихында орны бар тұлғалардың есімдері де құрметтеліп, білім және мәдениет ордаларына берілді.