Фото ашық дереккөзден алынды
ШҚО-да жыл басынан бері прокуратура актілері бойынша мемлекетке 690 миллион теңге сомасына жер учаскелері қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
"Жыл басынан бері ШҚО прокуратура органдары мемлекет меншігіне құны 690 млн. теңге болатын 40 мың га 119 жер учаскесін, оның ішінде құны 430 млн. теңгеден асатын, жалпы ауданы 37 мың га пайдаланылмаған 101 жайылым учаскесін қайтарды.
Аймақтың ауыл шаруашылық және мал шаруашылығы ерекшеліктерін ескеріп, жер заңнамасының сақталуын қадағалау аумақтық прокуратуралардың тұрақты бақылауында.
Атап айтқанда, Самар ауданының прокуратурасы ШҚО кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп, жер заңнамасы нормаларының сақталуына талдау жүргізген. Жергілікті атқарушы орган осы жылы жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 16 конкурс өткізбегені анықталды.
Аудан прокуратурасының қадағалау актісі бойынша көрсетілген бұзушылықтар үшін әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 137-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Самар аудандық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы қаулысымен оған 1,1 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 31 қазанда азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратураның араласуынан кейін аудан әкімдігі жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу туралы хабарлама жолдадған.
"Глубокое ауданы прокуратурасының тексерісінен соң аудан аумағында 42 мың га жер жайылым ретінде пайдаланылмайтыны анықталды. Нәтижесінде, Глубокое ауданы әкімінің атына қадағалау актісі енгізілді. Бүгінде мемлекетке жалпы ауданы 600 гектар және құны 4,8 млн.теңге болатын 10 жер учаскесі қайтарылды.
Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.