30 сәу, 2024 сағат 18:23

ШҚО-да қасқыр жер үйге кіріп кетіп адамды тістеп алды


Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында қасқыр жер үйге кіріп кетіп адамды тістеп алды.

Оқиға 28 сәуір күні Быково ауылында болған. Қасқыр есігі ашық тұрған жер үйге кіріп кеткен.

«Үй иесі қасқырды қуып жібермек болды. Алайда жыртқыш аң қарсы шапты. Аулада жұмыс істеп жүрген басқа адам мен екі итті тістеп алды да қашып кетті. Кейін ауыл тұрғындары өз беттерімен жиналып, сол қасқырдың ізіне түсіп, көзін жойды», - деп хабарлады аудан әкімдігінен.


Қасқыр жалғыз жүрмеген деген қауіп болды. Соған орай ауылдағы мектеп оқушылары 29 сәуірде қашықтан оқыған.

«Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар, ветеринария және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары шұғыл келіп жетті. Тұрғындар арасында ауыр жарақат алғандар, шығынға батқандар жоқ. Қасқыр тістеген адамнан және қасқырдың өзінен сынама алынып, сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, оқушылар бүгін мектепке барып білім алуда», - делінген ақпаратта.