21 қар, 2017 сағат 08:47

ШҚО-да Алаш үкіметінің әскери қайраткеріне құлыптас қойылады

Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнына басшылық жасаған Хамит Тоқтамышевтің бейітіне құлыптас қойылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Altaynews-ке сілтеме жасап.

Көкпекті ауданында Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнына басшылық жасаған Хамит Тоқтамышевтің бейітіне құлыптас қойылып, қоршау орнатылады.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, кезінде Алаш үкіметінің әскери қайраткері атанған Х.Тоқтамышевтің жетекшілігімен Семейде құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар 1-Алаш полкі құрылған.

Аудан әкімі Рамиль Сағандықовтың айтуынша, алдағы уақытта Қызыл әскермен болған шайқаста қаза тапқан батыр жөніндегі мәліметтерді айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев «Көкпекті» атты кітабында жазған.

«Қазақ елінің қалыптасу жолында аянбай тер төгіп, келешек ұрпақтың қамы үшін соңына дейін күрескен қайраткерлерімізді ардақтау - біздің басты парымыз», - дейді Рамиль Сағандықов.