16 ақп, 2018 сағат 08:41

Шеттегі қазақтарға Қазақстанда шығатын баспасөзді жеткізу бағытында жұмыс жүргізіледі – Дәурен Абаев

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шеттегі қазақтарға Қазақстанда шығатын баспасөзді жеткізу бағытында жұмыс жүргізілетінін атап өтті, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат» «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.

«Телеөнімдерімізді тұтынушылардың дені шет елдерде тұрады. Біз өзге мемлекетте мекендейтін қандастарымыздың аудиториясын әрдайым естен шығармауымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан болатын», - дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, көрші мемлекеттердегі шағын ғана аумақты мекендеп отырған қазақтардың өзіне біздің елде шығатын баспасөз жетуі қажет.

«Мемлекеттік арналар көрсетілуі тиіс. Жылдың аяғына дейін осы салаға жауапты вице-министрге мемлекеттік арналармен, баспасөзбен бірігіп тиісті мәселені шешуді тапсырамын», - деді ол.

Дәурен Абаев бұл бағытта «GalamTV» интернет-телеарнасын жаңарту арқылы оң қадам жасалғанын тілге тиек етті.

«Яғни, қазақстандық арналарды өзіміздің елде де, шет мемлекетте де жоғары сапамен көрсету үшін қажетті техникалық жұмысты сәтті аяқтадық. Сонымен қатар, бұл жобаны мобильді қосымша арқылы да көруге мүмкіндік бар», - деді Дәурен Абаев.