27 жел, 2023 сағат 17:20

Шетелдіктен құны 2 млрд теңге болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Қостанай облысында шетелдіктен құны 2 млрд теңге болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

22 желтоқсанда “Ақбөкен” жедел алдын алу шарасы шеңберінде Екатеринбург – Алматы республикалық автожолында, Қостанай қаласынан шыға берісте Қостанай облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, Toyota Alphard автокөлігін тоқтатқан. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғыштан 29 жастағы жолаушыға, көрші ел азаматына тиесілі үш жол сөмкесі табылған.

"Сөмкелерде ақбөкен мүйізі түріндегі 916 дериват, 7,5 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат болды. Болжам бойынша, құқық бұзушы мемлекетке шамамен 2 миллиард теңге шығын келтірген", – деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байгонов.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған және ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде қамауда отыр.

"Осы дерек бойынша полиция ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігін (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлеріне, олардың бөліктеріне немесе дериваттарына заңсыз қарау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды" - делінген хабарламада.