Шетелдік инвесторға Қазақстанда барлық жағдай жасалғандығын түсіндіретін адам жоқ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Кейін бұл жайында тағы да айтармыз. Тиісті Жарлыққа мен қол қойдым. Министрліктердің арасында қай саланы кімге беру керектігін анықтадық. Солай ғой. Менің былтыр жазда берген тапсырмам бар. Экспортқа, инвестицияға кім жауап береді дегенде сен басқаратын министрлік деп айттық. Сол не болып жатыр? Өзің де барлық елдердің бизнес капитандарымен кездесулеріме қатысасың ғой. Таяуда өзіңмен Сауд Арабиясында, Әмірліктерде болдық. Бұл елдің ең ірі бизнесмендерімен кездестік. Оның алдында Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Америкада болдық. Әр уақытта олар Қазақстанға қызығушылық танытады. Бірақ, олар осы жерге келген кезде кездесетін ешкім жоқ. Ешкім мәселелерін шешпейді. Анда барады, мында барады да қайтып кетеді. Біздің балаларымыз қайда оқиды, қайда емделеді дейді. Не істеуіміз керек? Оларға Қазақстанда барлық жағдай бар екендігін айтатын адам жоқ. Инвестиция тартумен кім айналысады?», - деп сұрады Елбасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектен.
Министр мұнымен айналысатын Шетел инвестициясы жөніндегі комитет бар екендігін айтты.
«Қазір біз Қазақстандағы инвестицияны дамыту стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Бүгінде біз «бір терезе» айқындап, Үкіметтен әрбір инвестормен келіссөздер жүргізетіндерді белгіледік. Ол - «Қазақинвест» ұлттық компаниясы. Директорлар кеңесін өзіңіздің тапсырмаңызбен Премьер-Министр басқарады. Жұмысында әлемнің үздік тәжірибелерін қолданамыз», - деді министр.
«Бұл - сенің жұмысың. Маған керегі - инвесторлардың Қазақстан өзгерді, барамыз деуі. Бұл - бірінші. Екінші экспортпен кім шұғылданады?», - деді Елбасы.
«Біз Экспорт жөніндегі департамент құрамыз», - деді Қасымбек.
«Қашанға дейін құрмақсыңдар?», - деді ҚР Президенті Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз атап өткендей, Жарлығыңызға сәйкес өкілеттіктің барлығы осы министрлікке (Инвестициялар және даму министрлігіне) берілді. Соған байланысты министрлікте құрылымдық өзгерістер орын алуда», - деп түсіндірді Сағынтаев.