Нұрсұлтан қаласында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанынан құрылған Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, онда репатриация процестерін реттеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі қазақтарды қолдау жөніндегі шаралар туралы ақпараты мен Отандастар Қорының 2019 жылғы жұмыс қорытындысы тыңдалды.
«Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов «Шетелдегі қазақтарды және репатриацияны қолдау бағытында іске асырылып жатқан жобалардың бірі - әлем бойынша жұмыс істейтін, барлық мәдени-іскерлік орталықтарды (қазіргі кезде әлем бойынша 250-ден астам) біріктіретін, «Қазақ үйі» жобасын атап өтті. «Қазақ үйі» – үкіметтік емес, саясаттан тыс және коммерциялық емес жоба және 4 бағытта қызмет атқарады, олар: «Абай» мәдени орталығы, «Атамекен» іскерлік үйі, «Жас Қазақ» жастар клубы және «Атажұрт» шетелдік қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығы.
Шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Отандастар қорының» бастамасымен елімізге көшіп келетін сырттағы қазақтардың құжаттарын, мемлекеттен берілетін көмектерді рәсімдейтін бір терезе қағидаты енгізілмек.
Пилоттық жоба Моңғолиядағы Қазақстан елшілігінде жүзеге асқалы отыр. Осы мемлекеттегі қандастарымыздың барлық құжаттары елшілігіміз арқылы реттеліп, атамекенге келу үрдісі жеңілдетілмек. Бұл жоба біртіндеп, барлық әлемдегі қазақтар тұратын шетелдерде қолға алынады. Осылайша, «Отандастар қоры» соңғы жылдары саябырсыған көшті қайта жандандыруға ықпал етпек.