16 ақп, 2017 сағат 23:27

Шерхан Талап. «Қарғыс атқан ақындар»



«Ақындық – Алланың сыйы», «Ақындар – Құдайдың назарына ілігіп, өлең деген құдіретті иемденген ерекше жаратылыс иесі». Иә, дәл осындай мәндегі ойлар біздің ұғымда көптеп айтылады. Бүгінгі құндылықтар алмасқан дәуірде лайықты дәрежеде құрметтелмей жатыр демесеңіз, алаш ақындарының абыройы асқақ. Сол себепті де, жалпы жұрт алдындағы бедел-биігі аласармақ емес. 

Қазақ ақынын ардақтаған халық. Ақындарына алғыс тілемесе, қарғыс айтты дегенді естігеніміз жоқ. Алайда әлемдік әдебиетте артына ерекше із қалдырған, қасиетті өлеңді қасіретті тағдырана жүк қылған ақындар туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Солардың бірі һәм бірегейі - 
«қарғыс атқан ақындар» хақында сөз қозғамақпыз.

Еуропадағы ең бір озық үлгідегі әдебиет – француз әдебиеті небір тарпаң тағдырлы, бөлек болмысты ақындарды түлетті. 1883 жылы француз ақыны Поль Верленнің «Қарғыс атқан ақындар» деген атта циклді мақалалары жариялана бастайды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған, ішкіш, кедей, ғұмырсыз сезім мен ерте өлім құшқан ақындардың өмірі... Осы мақалада аталған атау кейін ақындардың өміріне өшпес таңба болып қалды. «Қарғыс атқан ақындарға» Артюр Рембо, Стефан Малларме, Тристан Корбьер және Поль Верленнің өзі жатқызылады. 

Осы орайда ойымызға тұздық болу үшін Қадыр Мырза Әлидің «Жазмышында» жазылған мына пікірге назар аударалық: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Францияда көрмеген теперіші жоқ, бүкіл өмірлері қайғы мен қасіреттен тұрған, дара тағдырлардың иесі болған, бірнеше ақынның өлендерін шығарып, ол кітапқа «Қарғыс атқан ақындар» деп ат қойыпты. Ауыр сөз. Көңілге келетін сөз. Бірақ, бар болғырлар тауып қойған. Өңшең бір шерлі жыр, шерменде ақындардың тағдырларына үңіле отырып, ақын боп туу азап үшін туу ма деп қаласың. Найзағай түскенде де ондаған, жүздеген тіпті одан да көп қалың ағаштың кез келгеніне түспей, ең биігіне, ең зәуліміне барып түседі екен ғой. Жазмыштың жұмыр добы да, қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді». 

Иә, өте ауыр сөз... Осындай ауыр сөзді арқалаған ақындарымыз француз әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне жаңалық алып келген мықтылар еді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Еуропада буржуазиялық мәдениеті дағдарысқа ұшырап, тарихи-әлеуметтік жағдайдың өзгеруінен символизм ағымы пайда болып жатты. Француз поэзиясында П.Верлен, А.Рембо, М.Малларме жырларынан көрініс таба бастаған бұл ағым, неміс философтары А.Шопенгауэр, Э.Гартманның идеалисттік теорияларымен үндеседі. Осы ағымды қазақ даласында дамыта түскен Мағжан Жұмабаев секілді марғасқа ақындарымыз болды. 



«Қарғыс атқан ақындар» жайлы айтылған кезде ең бірінші Артюр Рембоны ауызға аларымыз хақ. 20 жасында француз поэзиясында төңкеріс жасап кеткен Рембоның тағдыры жұмбаққа толы. 16 жасында тұңғыш өлеңі жарияланып, 17 жасында Парижде жазушы Поль Верленмен танысады. Париж коммунасы қозғалысына қатысады. 1880 жылы жазуды тастап, дүниежүзін саяхаттауға бел буады. Ол барлық өлеңдерін 15 пен 19 жас аралығында жазған. Небары 37 жыл өмір сүріп, кедейлікте көз жұмған.

Артюр Рембо жайлы режиссер Агнешка Холландтың «Полное затмение» (Arthur Rimbaud – Une biographie) атты киносы бар. Леонардо Ди Каприо басты рөлде ойнаған фильмді тамашаладық. Сол киноның әсері талай талантты жастың жасықтығын жеңіп, жігер сыйлары сөзсіз. Ешкімге бас имеген еркін өмірдің иесі, өзінің шеңберге сыймас болмысымен елте түседі. Рембоның Поль Верленмен достығы – ақындар арасындағы рухани байланыстың айқын көрінісі. Олардың фильмдегі "махаббат хикаясы" туралы әңгіме бөлек. Бізді қызықтырған тақырып басқа. Жас дарынның кей кездегі шеттен тыс «еркіндік сүйгіштігі» «қарақшы ақын» Франсуа Вийонды еске салады. Рембоның жырларымен қазақ оқырмандары Светқали Нұржан, Әмірхан Балқыбек секілді белгілі ақындардың аудармалары арқылы жақсы таныс. 

«Қарғыс атқан ақындар» деген атау Рембо тектес ақындардың атына күйе жағып, қаралау емес. Бұл ақындар әдебиет әлемінен өз орнын алып, құнды мұраларымен халық жадында қалғандар. Олар ешқандай да «қарғыс атқан ақындар» емес. Олар сол болмысымен «қадірі артқан, абыройы асқан» ақындар. Әлде бұл қарғыс: «атақтарың аспандағыр», «өлеңдерің өшпегір», «есімдерің елеусіз қалмағыр» деген сыңайда айтылды ма екен... 

Шерхан Талап, 2013 жыл