Фото: stan.kz. Фотода Айдын Сауданбеков пен Әліби Бағытжанов
Атырау облысында мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары көлік прокуратурасы қызметкерімен төбелестен кейін комаға түсті, деп хабарлайды Ult.kz.
Кеше, 28 қаңтарда Атыраудағы ойын-сауық орындарының бірінде прокуратура қызметкері Асқар Жанысбаев пен мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков, оның орынбасары Әліби Бағытжанов арасында төбелес болғаны туралы ақпарат шықты. Шенеуніктер мейрамхананың “Vip” кабинасында оңаша отырған. Таңға жақын даяшылар лауазымды тұлғалардың бірін ес түссіз күйде тауып, жедел жәрдем шақырған.
Төбелес салдарынан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бағытжанов жарақат алып, комаға түскен.
Қылмыстық кодекстің 106-бабы “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша іс қозғалды.
Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі ақпаратты растап, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
"Атырау облысының полиция департаменті мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің дене жарақатын алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында бас көлік прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр", – деді бас көлік прокуратурасының ресми өкілі Альмира Бекжан.