Ақтөбедегі Кривое озеро массивінің су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары "Диапазон" басылымына төтенше оқиғадан кейінгі жағдайларына шағымданды.
"Менің үйімді су басты. Су тасқынынан кейін екі баламмен бірге ауруханада жаттым. Енді бізді ауруханадан шығарды, баратын жерім жоқ. Мұнда (су астында қалған үйіне) қайтып келгім келмейді, су белімізге дейін жетіп тұр. Онда қалай тұрамын?", - деді жергілікті тұрғын Жансая Аманжолова.
Әйел тұрғын үйдің үйге келтірілген залалға баға беретін комиссия мүшелерінің оған бұл үйде тұруға болады деп айтқандарына ашулы екен.
Ал "Ақтөбе Таймс" басылымының мәліметінше, Ақтөбедегі "Госветсеть" аумағын су басқаны соншалық - тұрғындар заттарын лақтырып, үйден жүгіріп шыққан. "Біздің үйлерге су жақындап келе жатыр дегенде біз барлық бағалы заттарымызды жинап, шкафқа салып қойдық. Шкаф су астында қалады деп ойлаған да жоқпыз. Содан балаларды алып шықтық. Құжаттарымызды да алдық. Біздің үйлерді жыл сайын су басады, бірақ мұндай жағдай алғаш рет болып тұр. Үйде енді теледидар, тоңазытқыш, диван, тігін машинасы, барлық қысқы киіміміз...", - деді Құндыз Байтұрлиева. Айтуынша, олардың үйі саманнан салынған.
"14 сәуірде су біздің үйге жақындап қалды. Өзімізбен бірге ештеңе де алмадық. Бүкіл тұрмыстық техника үйде жүзіп жүр. Сол кезде құтқарушыларда тек бір қайық болды. Эвакуация кезінде тұрғындар өзімен бірге заттарын алып шықпақ болды, бірақ құтқарушылар оған мүмкіндік бермеді. Себебі қайықта онсыз да бос орын болмады", - деді Анар Әбілдаева.
"Он жыл бұрын үйіміз судың астында қалып, қираған болатын. Ол кезде күйеуімнің денсаулығы да жақсы еді. Өзі қайтып үй салды. Ал қазір қайтадан су астында қалдық. Екі баламмен әзірше мектепте бола тұрамыз, басқа қайда барамыз. Күйеуім осы жағдай туралы естігенде қысымы көтеріліп кетті. Бұрынғы үйімізге қайтып барғымыз келмейді", - деді Жансұлу Садирова.
Бей-жай қарамаған ақтөбеліктер зардап шеккендерге азық-түлік пен киімдер әкеліп жатыр.
Анар Әбілдаеваның су астында қалған үйі.
Су тасқыны кезінде Таленқұловтар отбасы шкафты алып шығуға үлгерген.