Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін Қазақстан құрамасы үшінші ойынын АҚШ-пен өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі кездесуде де қазақстандық хоккейшілер қарсыласымен терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Десе де тәжірибелі хоккейшілерден жинақталған американдық құрама кейбір жағдайда басымдық танытып жатты.
Ойынның бірінші кезеңінің 6-минутында Адам Кленденинг есеп ашса, екінші кезеңнің 21-минутында Тревор Мур есепті үстемелей түсті.
Үшінші кезеңде де американдық құрама басымдығын арттыра түсті. Нәтижесінде 41-минутта Джек Друри мергендік танытты. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер алғашқы екі ойында басым түсті. Алдымен Латвияны буллитен 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Финляндияны буллитен 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді қазақстандық хоккейшілер келесі ойынын 26 мамырда Германия құрамасына қарсы өткізеді. Ал АҚШ құрамасы 27 мамырда Латвиямен шеберлік байқасады.