Бүгін Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы Германиямен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салсақ, неміс хоккейшілері биылғы турнирде жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Турнир кестесінде қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп, тоғыз ұпаймен көш басында тұр.
Сондықтан қазақстандық хоккейшілер үшін бүгінгі кездесу оңайға соқпайтыны анық еді.
Есепті алғашқы болып қазақстандық Алексей Шин 26-минутта ашты. Одан кейін 29-минутта неміс хоккейшісі Том Кюнхакль таразы басын теңестірді.
Ал 29-минутта тағы бір неміс хоккейшісі Маркус Айзеншмид мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды.
Үшінші кезеңнің 41-минутында қазақстандық Роман Старченко қарсыластар қақпасына белгіленген буллиттен мүлт кеткен жоқ.
Ойынның 55-минутында Павел Акользин қазақстандық құраманы алға шығарды. Қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Екі құрама бұған дейін аталған турнирде бес мәрте кездесті. Оның екеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, үшеуінде неміс құрамасының мерейі үстем болды.
Соңғы рет қазақстандық хоккейшілер аталған құраманы 2005 жылдың 1 мамырында 2:1 есебімен жеңген болатын.
Енді Қазақстан құрамасы 28 мамырда Канадамен кездессе, Германия 29 мамырда Финляндиямен мұз айдынға шығады.