Шардаралықтар Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты іс-шараны осындай тақырыппен атап өтті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Қаладағы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан басшылары алдымен қала мектептері әзірлеген көрмені тамашалады. Көрмеде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны мен Қазақстанның даму кезеңдері, Рухани жаңғыру аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан шаруалар кеңінен таныстырылды.
Қала, ауыл әкімдері мен мекеме, ұйым басшылары, ауыл билері мен ақсақалдар қауымы жиналған салтанатты мерекеде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев баяндама жасады.
– Бүгін шардаралықтар барлық қазақстандықтармен бірге ерекше мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтудеміз. Бұл мереке - жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, мемлекет басшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды еңсеріп қана қоймастан, бүгінгі таңда еліміздің экономикасы қарқынды дамушы мемлекеттер қатарымен терезесі тең дәрежеде дамуына айрықша күш салып келеді, – деген Бауыржан Қуанышбайұлы аудан тұрғындарын айтуыл мерекемен құттықтады.
Мұнан кейін түрлі салада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркейіп-гүлденуіне айрықша үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттау рәсімі басталды. Былтыр іске қосылған балық өңдеу зауытының басшысы, жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің полиция майоры Тілләбек Мұса, аудандық ішкі істер бөлімінің аға лейтенанты Оразхан Аманов, №1 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абай Сәкиев, аудандық «Өскен өңір» газетінің корректоры Гүлнар Ағманова, аудандық «Абай» Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Ағабек Дөңбаев, «Балауса» балабақшасының меңгерушісі Эльмира Ерубаева, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Пердебек Ибадуллаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ассистенті Мадияр Әбдібеков, «Ақ алтын» жалпы орта мектебінің мұғалімі Ерғали Мелдебек аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Мерекеге жиналған қауымды аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев те құттықтады.
– Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі мен көреген саясатының арқасында ғасырда жасалар істер қысқа мерзімде жүзеге асты. Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен ширек ғасырдан енді ғана асып келе жатқан уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етіп отыр, - деді Бұлтбай Лесбекұлы.
Аудандық мәслихат депутаттары атынан шардаралықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған Бұлтбай Лесбекұлы «Шардара» мектеп-лицейі директорының орынбасары Гүлзакира Исаеваға, аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Ардақ Әлменоваға, аудандық балалар және саз мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Әбдиеваға, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Шынболат Райхановқа, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Олжас Төлепбергеновке аудандық мәслихаттың «Алғыс хатын» салтанатты түрде табыстады.
Мереке барысында аудандық «Абай» Мәдениет сарайының және аудандық балалар және саз мектебінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, Елбасы сүйген әндерді нәшіне келтіре орындады.